Жаһандық корпорациялар контентті қалай түсіндіретініне тәуелді болмауымыз керек — Смышляева
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект қатысы бар отандық контентті дамыту — бұл цифрлық егемендік мәселесі. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан парламенттік тыңдалымда депутат Екатерина Смышляева айтты

— Жасанды интеллект қатысы бар шешімдердегі ұлттық тілдік модельдерді және отандық контентті дамыту — бұл цифрлық егемендік мәселесі. Біз жаһандық корпорациялар контентті қалай түсіндіретініне тәуелді болмауымыз керек. Біздің модельдер қазақстандықтар үшін жұмыс істеуі, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени кодымызды құрметтеуі тиіс, — деді Екатерина Смышляева.
Осы орайда депутат «Жасанды интеллект туралы» заңда жергілікті модельдерді дамытуға және ақпараттық қорларды пайдалану ережелеріне қатысты құқықтық тетіктер көзделгенін атап өтті.
— Қазіргі уақытта ең маңыздысы — қаржыландыруға басымдық беруді қамтамасыз ету, — деді ол.
Сондай-ақ ол йифрлық заңдарды іске асыру үшін цифрлық судьялар, адвокаттар, прокурорлар мен заң кеңесшілерін дайындауымыз қажеттігін, болашақта деректер экономикасында азаматтың цифрлық әмияны пайда болуы тиістігін айтты.