Жаһандық және өңірлік төтенше жағдай: тұрақты республикалық жедел штаб құрылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Азаматтық қорғау саласында жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері кеңейтіліп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында азаматтық қорғау туралы заң жобасын талқылау кезінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлім етті.

әрінов
Фото: ҚР Үкіметі

- Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың тиімді жүйесі үшін заң жобасында бірқатар қосымша механизм көзделген. Мәселен, жаһандық және өңірлік ТЖ кезінде тұрақты жұмыс істейтін Республикалық жедел штаб құрылуда. Оның негізгі функциялары - төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі шараларды әзірлеу, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ іс-шаралардың орындалуын бақылау, - деді Ш. Әрінов.

Оның айтуынша, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері кеңейтілуде. Бұл объектілік масштабтағы төтенше жағдайларды жариялауға қатысты.

- Дала өрттерін сөндіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Осыған байланысты оларға дала өрттерін сөндіруге қатысушыларды материалдық-техникалық жағынан (ЖЖМ, тамақтану, медициналық көмек) қамтамасыз ету бойынша функциялар беріледі. Сондай-ақ оларға халықты төтенше жағдайлар кезіндегі алғашқы іс-қимылдарға үйрету үшін орталықтарды жартылай жабдықтау жүктелген, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, адамдар жаппай жиналатын объектілерді сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар