Жақында Алматы-Вильнюс бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады
АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Биылғы жылдың 20 сәуірінде Алматы-Вильнюс бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады.
Бұл туралы бүгін Алматыда "Литва мен Балтық елдеріндегі емделу демалыс курорттық орындары. 2012 жылғы бағдарламалар" деген тақырыппен өткен семинар барысында Қазақстандағы Литва Республикасының Елшісі Рокас Бернотас мәлім етті.
Оның айтуынша, әуе рейсі аптасына бір рет ұшатын болады. "Литва Республикасы Қазақстан елі арасында туризмді дамытуға қызығушылық білдіріп отырғандықтан, тасымалдауды біздің республикамыздың ұшағы іске асыратын болады", - деді ол. Елшінің айтуынша, билеттер құны Киев арқылы ұшатын бағытқа қарағанда едәуір арзан болмақ.
Рокас Бернотас сондай-ақ, достас Литва елі қазақстандық саяхатшылар үшін барлық жағдайларды жасайтынын атап өтіп, виза алу жолдары жеңілдетілетінін атап өтті.
Семинар барысында қазақстандық турагенттіктерге Литва елінің туристік орындары мен көрікті жерлері, биылғы жылға арналған туристік бағдарламасы таныстырылды.