Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау фактісі ешкімнің де құқығын бұзбайды - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Тимур Ержанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Қылмыстық кодекстің жобасын талқылау кезінде жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы мәселе айналасында қызу пікірталас жүріп жатыр. Белгілі болғандай, Бас прокуратура осы институттың сақталуын қолдап отыр, бұл өз кезегінде бірқатар құқық қорғау ұйымдары мен журналистер тарапынан сын тезіне алынуда. Осы орайда аталған мәселе бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық құқық кафедрасының доценті Тимур Ержановтың пікірін білуді жөн көрдік.

Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау фактісі ешкімнің де құқығын бұзбайды - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Тимур Ержанов

Оның сөзіне қарағанда, бірде-бір құқық немесе мүдде басқаларының алдында басымдықты болуы тиіс емес, яғни әр жағдайда бәсекелес мүдделер арасында әділетті теңгерім қажет. Атап айтқанда, бұл теңгерім заңнамада бекітіліп, сот тәжірибесінде қорғалуы керек.

«Бұл тұрғыда қоғам үшін журналистің ақпаратты еркін алып, тарату (сонымен қатар кез келген азаматтың) құқығы немесе әр адамның абыройы мен беделіне қол сұқпау маңызды ма, деп сұрақ қоюдың өзі дұрыс емес. Демократиялық қоғамда осы екі құқық та қажет және бұның бірін екіншісінен әдейі жоғары қоюдың кез келген талпынысының нәтижесі тоталитаризмге немесе тәртіпсіздікке алып келеді. Пікірталас аталған мүдделер теңгерімінің айналасында ғана өрбуі мүмкін, яғни6 бір жағынан журналиске қоғамға ең өзекті проблемалар жайында хабар тарату мүмкіндігін беру керектігі жайында, сонымен қатар басқа қырынан алғанда әр тұлғаға жала жабудан қанағаттанарлық құқықтық қорғауды ұсыну тұрғысында. Журналистердің ұстанымы түсінікті: жала жабуды қылмыстық санатқа жатқызбау немесе осыған қатысты санкцияларды барынша жұмсарту. Өз кезегінде Қылмыстық кодекс жобасының авторлары жала үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтап, оған бас бостандығынан айыру түрінде санкциялар қолдану мүмкіндігін алға тартуда. Бұл тұрғыда демократиялық мемлекетте мүдделер теңгеріміне кімнің ұстанымы жақын? Осы мәселе бойынша жаңадан велосипед ойлап табудың реті жоқ және халықаралық құқыққа немесе ең беделді халықаралық сот органдарының өнегелі тәжірибесіне жүгіну орынды болады», - дейді маман.

Мәселен, журналистер Қазақстанда жала үшін қылмыстық жауапкершіліктің қажеттілігі жоқ екенін дәлелдеуде. Олардың пайымынша, жала үшін қылмыстық жауапкершілік пен қатаң санкциялар фактісінің өзі мемлекеттің жағына қарай тепе-теңдікті бұзады. Өйткені, бұл бағытта БАҚ-тың тежеуіш әсері пайда болады.

Тимур Ержановтың көзқарасына қарағанда, осы мәселе тұрғысында талқыланып жатқан бір тақырып екіншісіне ауысуда. «Екі мәселені нақты ажырату керек: бір жағынан жала жабумен күрестің мемлекеттік құқықтық тетіктері, сондай-ақ6 екінші жағынан6 оларды БАҚ-тың еркіндігіне қарсы пайдалану. Осындай тетіктер арасында қылмыстық жауапкершіліктің болуы қажет саналады, алайда оны сөз бостандығына қарсы қолдануға жол беруге болмайды», - дейді ол.

Жала жабу әдейі жасалған қылмыс екенін ажыратуға назар аудару керек. Осынысымен ол диффамациядан немесе жеке өмірге араласатын папарацци қызметінен ерекшеленеді.

Оның атап өтуінше, журналист таратқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін білгені дәлелденбейінше, бірде-бір сот бұл тілшіні жала жабу фактісі бойынша кінәлі деп үкім шығаруға құқылы емес.

Сонымен бірге кінәсіздіктің анық-қанығына жету айыптаушы жақтың жұмысы болып табылады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарын негізсіз қысымдардан сақтандырады.

«Дегенмен, біздің кейбір журналистер жала жабуға негізделген әдейі жалған мәліметтерді таратуға қатысты иммунитет алуды қалайтын шығар? Онда бұл мүлдем басқа мәселе, алайда ол жайында қоғамға шындықты айту керек. Сонымен қатар осындай артықшылықтың қажеттілігін дәлелдеу керек», - деп тоқталды доцент.

Көптеген мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, қылмыстық заңнамада жала жабу туралы баптың болуы - ол тежеуіш фактор ретінде қажет, дегенмен бұл тетік сөз бостандығын тежеуге емес, жаланы тұлғаның заңды құқықтары мен мүдделеріне қарсы пайдалану әрекеттерін шектеуге арналған.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің осы бабын қолдану тәжірибесінде сот қателіктері немесе саяси тапсырыстар секілді асыра сілтеушіліктер көрініс алуы мүмкін.

Оның сөзіне қарағанда, оның бір бөлігі жала жабудың мән-мағынасын бағалаудың объективті қиындықтарына байланысты, мысалы, фактіні пікірден нақты ажыратып бөлу қажеттілігіне қатысты болып отыр. Өзге проблемаларға сот билігі тәуелсіздігінің жеткіліксіздігі, жариялылыққа төзімділіктің тапшылығы, журналистердің кәсіби мәдениетінің төмендігі және басқа да мәселелер себепші болуы мүмкін. Бірақ та осының барлығы мүлдем басқа проблемалар және олардың жала жабу үшін қылмыстық жауапкершілік мәселесіне қатысы жоқ.

«Айта кетейік, БАҚ-тың «айрықша жауапкершілігі» және «ерекше міндеті» ұғымдар журналистердің кәсіби этикасының жоғары деңгейін меңзейді. Бұл өз кезегінде журналистика мен жала жабу мүлдем әр басқа мәселе екенін түсіндіреді, өйткені бір мезгілде осы екеуін қатар алып жүруге болмайды. Егер сен журналистикамен айналыссаң, онда алаңдаудың еш реті жоқ. Қылмыстық кодекстің бұл бабы мүлдем басқа бағытта жұмыс істейді және сенімен еш қиылыспайды. Керісінше, егер сен біреуге жала жабатын болсаң, онда ол журналистика емес. Тиісінше, осы ісіңе жауап беруге дайын бол. Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау фактісі ешкімнің де құқығын бұзбайды, керісінше, адамдардың құқығын қорғайды», - деп түйді Тимур Ержанов.