Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда заңғы қайшы контент таратқан 9 стример жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Жалған адам ұрлау мен төбелесті эфирге шығарған қазақстандық 9 стример жауапқа тартылды
Фото: ҚР ІІМ

ІІМ мәліметінше, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары қаралым, лайк және донат жинау үшін шектен шығып, тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырған.

Мысалы, Астананың 37 жастағы тұрғыны Индира Ештаева TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынған.

Алматыда 32 жастағы Ақтөре Батырбек тікелей эфир кезінде айналасындағыларды қорлап, балағат сөздер айтқаны үшін сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдәлиев аудитория назарын аудару мақсатында эфир барысында электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзған. Осы әрекеті үшін оған 8 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Жамбыл облысында TikTok-та «Алтын қыз» деген атпен танылған 41 жастағы Лайло Қасымова бірнеше рет балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқаны үшін айыппұл арқалады.

Сондай-ақ Жамбыл облысында 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжан донат жинау және аудитория тарту үшін тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ әлеуметтік желідегі анонимді аккаунттардың артында жасырыну мүмкін емес екенін ескертті. Ведомство құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін құралдар бар екенін атап өтті.

— Қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін және зорлық-зомбылық, қорлау арқылы танымал болуға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті тазарту жұмыстары жалғасады, — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Айта кетейік, бұған дейін ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелерін еске салған еді.