Жалған инвестицияға алданған ақмолалық мұғалім 7,5 млн теңгесінен айырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында 65 жастағы мұғалім интернет-алаяқтардың құрбаны болып, жалған инвестициялық платформаға 7,5 млн теңге жоғалтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

интернет-алаяқтық
Фото: Freepik

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам өткен жылдың шілде айында өзін инвестициялық компания ретінде таныстырған интернет-платформаға тіркелген. Осыдан кейін онымен «қаржы кеңесшілері» байланысқа шығып, тұрақты табыс пен инвестицияның жылдам өсетінін айтып, ақша салуға көндірген.

Жәбірленуші бірнеше ай бойы алаяқтар көрсеткен есепшоттарға тұрақты түрде ақша аударып отырған. Жеке жинағы таусылған соң, таныстары мен әріптестерінен қарыз алып, қаражат салуды жалғастырған. Нәтижесінде ол алаяқтарға жалпы 7,5 млн теңге аударған.

Кейін ақшаны кері қайтару мүмкін болмай, «инвестициялық компания» өкілдері байланысқа шығуды тоқтатқан кезде ғана оның алаяқтық схеманың құрбаны болғаны белгілі болған. Осыдан кейін ер адам полицияға арызданған.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Полиция интернет-алаяқтар шынайы инвестициялық платформаларға өте ұқсас сайттар жасап, жалған лицензиялар мен қолдан жасалған табыс көрсеткіштерін пайдаланатынын ескертті. Сонымен қатар олар жәбірленушілермен үнемі байланыста болып, инвестицияның табысты екенін көрсетіп, көбірек қаржы салуға итермелейді.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды интернет арқылы тез әрі оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сын көзбен қарауға шақырды.

Еске сала кетсек, Алматы облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 518 жалған хабарландыру бұғатталды.