Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында 417 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында биылғы жылдың алғашқы алты айында елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 44 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

Ликвидация стихийных свалок продолжается в Кокшетау
Фото: Ақмола облысының экология департаменті

Жыл басынан бері өңірде 44 123 экологиялық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 35 872 дерек абаттандыру талаптары мен коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын сақтамауға қатысты болса, 8 251 жағдай ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластаумен байланысты.

Осындай заңбұзушылықтардың салдарынан өңірде 417 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Мамандар оларды жою жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартып жатыр.

Рейд барысында тұрғындарға тұрғын үйге іргелес аумақты жеке қойма ретінде пайдалануға болмайтыны ескертілді. Атап айтқанда, көмір, отын, тақтай, құрылыс материалдары, автокөлік шиналары мен қосалқы бөлшектерді ұзақ уақыт сақтауға тыйым салынған.

Сондай-ақ жапырақ, қураған шөп, бұтақ, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өртеуге болмайды. Мұндай отты аулаларда да, қоғамдық орындарда да жағуға рұқсат етілмейді. Ортақ пайдаланылатын аумақтарға шынжыр, бөгет немесе автотұраққа арналған қоршауларды өз бетінше орнату да заңбұзушылық болып саналады.

Заңсыз қоқыс орындары туралы ақпаратты тұрғындардың өздері де жиі хабарлайды. Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен басқа да байланыс арналары арқылы түскен мәліметтер қоқыс жиналған аумақтарды жедел анықтап, тазалау жұмыстарын ұйымдастыруға және олардың қайта пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, осыған дейін ШҚО-да жыл басынан бері 130-ға жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған болатын.