Жамбыл облысында 8,5 млн теңгенің малын ұрлаған күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Қордай ауданында 8,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген мал ұрлығы ашылды.
Қордай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен жүгінді. Оның айтуынша, малды жазғы жайылымға айдар алдында басын санау кезінде 51 қой мен 27 қозының жоқ екені анықталған. Келтірілген материалдық шығын 8,5 миллион теңгеден асты.
Арыз иесінің айтуынша, ол жоғалған малды өз күшімен іздеп көргенімен, іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген. Осыдан кейін полициядан көмек сұраған.
Бұл дерек бойынша мал ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ұрланған малдың бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды.
Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне мал ұстайтын орындардың сенімді күзетілуін қамтамасыз етуді, сырғалау және жануарларды сәйкестендірудің өзге де құралдарын қолдануды, сондай-ақ малдың жоғалу фактілері анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда биыл алғашқы бес айда мал ұрлаумен айналысқан 58 топ ұсталғанын хабарлағанбыз.