Жамбыл облысында есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдаған әке мен баласы сотталды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Әкесі мен баласы 200 кг жуық есірткі затын заңсыз сақтап, тасымалдағаны және өткізгені үшін сотталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

Жамбыл облысында есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдаған әке мен баласы сотталды
Фото: Pixabay.com

— 2024 жылдың күз айларында «У» және «Т» есімді тұлғалар аса ірі мөлшердегі «гашиш» және «кептірілген марихуана» есірткі заттарын өткізу мақсатында жинап, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында орналасқан шаруа қожалыққа жасырған, — делінген хабарламада.

ҰҚКД-нің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру-шаралары нәтижесінде «У» және «Т» есімді тұлғалар 12,7 кг аса ірі мөлшердегі «гашиш» есірткі затын 1 млн теңгеге өткізу барысында құрықталды.

— Сонымен қатар аталған тұлғаларға тиесілі шаруа қожалықтан өсімдік тәріздес заттар салынған 13 дана қаптар тәркіленіп, ішінен жалпы салмағы 185 кг «кептірілген марихуана» есірткі заты табылып алынған, — деп жазды құқық қорғау органынан. 

Жамбыл облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 23.07.2025 жылғы үкімімен әкесі мен баласы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны және өткізгені үшін ҚК 297-бабының 3-бөлігі 1,3 -тармақтарымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі сақтаған тұрғын ұсталған еді. Ол 3 келіден астам кептірілген марихуананы сақтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар