Жамбыл облысында қанша шетелдік жұмысшы жүр — әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде қанша шетелдік маман жұмыс істеп жүргенін және қандай жағдайда шетелден маман әкелінетінін түсіндірді.

меҳнат мигрантлари
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Өңір әкімінің айтуынша, қандай инвестор келсе де, оларға жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа алу және зауыт саларда отандық құрылыс материалдарын пайдалану талабы қойылады. 

– Әрине кейбір жобалар бірден қарқын алып үздіксіз жүзеге асуы үшін инвесторлар мамандардың жетіспеушілігіне байланысты сырттан жұмысшы тартады. Оған қарамастан, өзіміздің мамандарды даярлау жөнінде қазірден меморандум жасап жатырмыз. Мысалы бізде 3 млн тонна жүгері өңдейтін заманауи зауыт салынып жатыр. Қазақстанда ондай мамандар тапшы. Бірден Жамбыл өңірінен инженерлер, химиктер табыла қоймайды. Сондықтан оқу орындарымен келісіп, 5 жылда іске қосылатын ірі жобаларға қанша жұмысшы қажет, қандай біліктілік болуы керек – колледждер мен оқу орындарымен бірлесіп дайындауға кірісіп кеттік, – деп түсіндірді Е. Қарашөкеев. 

1 қарашадағы жағдай бойынша, Жамбыл облысында 30 жұмыс берушіде 2618 шетел азаматы жұмыс істейді. Соның ішінде 19 компанияда 935 қытай азаматы бар. 
– Әкімдік тарапынан 735 шетелдікке рұқсат берілген, қалған 1833 шетел маманы бұл рұқсаттан тыс, инвестициялық келісімшарт бойынша әкелінген. Яғни, ірі инвестициялық шарттарда Қазақстаннан табылмайтын мамандарды әкелу жөнінде тармақ бар, – деді өңір басшысы.

Шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындар арасында түсініспеушіліктің алдын алу үшін ірі 8 кәсіпорынмен іс-шаралар алгоритмі әзірленген. Тәлімгерлік аясында 170-ке жуық жергілікті тұрғын тәжірибеден өтсе, 423 қазақстандық инвесторлар ұйымдастырған біліктілік арттыру курстарынан өткен. 
Айта кетейік, 2029 жылға дейін Жамбыл облысында 4,1 трлн теңгеге 62 инвестициялық жоба іске асырылады және 8,3 мың жұмыс орны құрылады. Қант қызылшасы, металл бұйымдар, тыңайтқыштар, химиялық өнімдер өндіретін ірі зауыттар ашылады.

Жамбыл облысы Қазақстанды стратегиялық маңызы бар химия өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп отыр.

 

 

Соңғы жаңалықтар