Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында сатып алынған жер теліміне бөтен дүкен рәсімделген

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында 2 млн теңгеге сатып алынған жер теліміне қатысты дау сотта күтпеген жайтты анықтады. Бір жер теліміне екі мемлекеттік акт берілгені белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жамбыл облысында сатып алынған жер теліміне бөтен дүкен рәсімделген
Фото: ЖИ

Жерді сатып алғаннан кейін жаңа иесінде құжаттардың заңдылығына күмән болмаған. Алайда әкімдіктен қосымша мәлімет сұратқан соң, ол күрделі мәселеге тап болды.

Анықталғандай, сатып алынған жердің шамамен 40 пайызын күрделі құрылыс нысаны – дүкен алып жатқан. Сатып алушы бұл аумақ өзіне тиесілі деп есептеген.

Жаңа меншік иесі ғимаратты бұзуды талап еткенімен, дүкен иесі бұған келіспеді. Ол да даулы жерге қатысты құжаттары бар екенін мәлімдеді. Сот барысында бұл жер теліміне шынында да екі мемлекеттік акт берілгені расталды.

Талап қоюшы Жуалы аудандық сотына заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы талап-арыз берген. Алайда іс сот шешіміне дейін жетпей, тараптар медиация тәртібімен татуласуға келісті.

Келісімге сәйкес, жауапкер дүкен орналасқан жер телімін өз қаражаты есебінен заңдастырып, талапкерге 800 мың теңге өтемақы төлейтін болды. Ал талапкер жер телімінің қалған бөлігіне белгіленген тәртіппен құжат рәсімдейді.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Талапкер төлеген мемлекеттік баж қайтарылады.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында бір жер теліміне үш меншік иесі таласқан дауға сот үкімі шыққаны хабарланған. Бірнеше жылға созылған дауда әкімдіктің сот шешімінсіз жер шекарасын өзгерту әрекеті заңсыз деп танылды.

Сондай-ақ Таразда заңсыз салынған сауда кешені сүрілетінін жаздық.