Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында 8 жыл бұрын болған қарақшылық қылмыс ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл полицейлері сегіз жыл бұрынғы қарақшылық шабуылға қатысы бар адамды ұстады.

Жамбыл облысында сегіз жыл бұрын болған қарақшылық қылмыс ашылды
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлінінің мәліметінше, 2018 жылы Меркі ауданындағы автожолдардың бірінде белгісіз ер адам әйелге шабуыл жасап, күш қолданған. Қылмыскер жәбірленушіні ұрып-соғып, алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

— Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарын жүргізген. Жәбірленушінің берген сипаттамасы бойынша күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның кім екені анықталмаған. Алайда қылмысты ашу бойынша жұмыс тоқтатылмаған, — делінген хабарламада.

Арада сегіз жыл өткен соң ашылмаған істерді қайта зерделеу барысында полицейлердің бірі фотороботтағы адамды таныған. Осы дерек бойынша жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, оның жүрген жері белгілі болған.

Прокуратураның үйлестіруімен полиция 41 жастағы ер адамды ұстады.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 1-бөлігі (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасаған ер адам ұсталғанын хабарлаған едік.