Жамбыл облысында тыйым салынған затты жарнамалайтын 65 сайт бұғатталды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Елімізде жыл басынан бері адамға күшті әсер ететін заттарды, оның ішінде азот оксидінің заңсыз айналымы үшін жаза күшейтілді. Жамбыл облысында қаңтар айында әсері уытты затты жарнамалайтын ондаған сайт бұғатталды.

запрет, блокировка сайтов
Фото: Freepik

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңнамалық түзетулер күшіне енді. Мұндай заттардың тізіміне бұрын зиянсыз ойын-сауық түрінде таралған азот оксиді де кіреді.

Жамбыл облыстық полиция басқармасының хабарлауынша, өңірде мұндай заттардың таралуын қадағалау онлайн режимінде де күшейтілген. Полиция азот оксидін сату туралы жарнамалар мен ақпараттар орналастырылған веб-сайттар мен әлеуметтік медиа платформаларын бақылайды.

Есірткіге қарсы күрес басқармасының мәліметінше, қаңтар айында қызметкерлер сатылымға «ойын-сауыққа арналған газ» ұсынатын 65 интернет-ресурсты анықтаған. Оларға қол жеткізу заңда белгіленген тәртіппен шектелген. Жаңа сайттарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал, мамандар азот оксидін медициналық емес мақсатта қолдану қауіпті екенін ескертеді. Қысқа мерзімді эйфория және релаксация сезімі оттегінің жетіспеушілігімен бірге жүреді. Газды ингаляциялау бас айналуды, координацияны жоғалтуды, сананың бұзылуын және естен тандыруы мүмкін. Кейбір жағдайларда ұстамалар және тыныс алудың тоқтауы туралы хабарланған. 

Сонымен қатар, тұрақты пайдалану жүйке жүйесінің зақымдалуына, В12 витаминінің жетіспеушілігіне, анемияға, аяқ-қолдардың ұюына және тұрақты неврологиялық бұзылуларға әкеледі. Жоғары дозаларда ауыр гипоксия, сананың жоғалуына байланысты жарақат, тіпті өлім қаупі бар.

Айта кетейік, Алматыдағы демалыс орнынан «ойын-сауыққа арналған газ» табылды. Сондай-ақ Шымкенттегі түнгі клубта тыйым салынған заттың 416 баллоны сақталған қойма анықталды.

Соңғы жаңалықтар