Жамбыл облысында жасөспірім төбелестен кейін көзінен айрылды

АСТАНА.KAZINFORM - Таразда 15 жастағы мектеп оқушысын қатыгездікпен ұрып-соғу оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жасөспірім топтық шабуыл салдарынан ауыр жарақат алды.

Полиция, форма
Фото: ҚР ІІМ

Қайғылы оқиға киім ауыстыратын бөлмеде болған. Оны бірнеше бала қатыгездікпен соққыға жығып, көмекке келуге тырысқан басқа жасөспірімдердің бөлмеге кіруіне жол бермеген. Оқиғаның мән-жайы, сондай-ақ төбелестің кейбір көріністері мектепте орнатылған бейнебақылау камераларына түсірілген.

Зардап шеккен оқушы бірнеше жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның зақымданған көзін сақтап қала алмады.

Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің -Қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тек бір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімді ұрып-соққан өзге адамдардың әлі күнге дейін ұсталмағаны туралы сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

-Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға қатысушылардың барлығының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық және объективті түрде анықтау үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департамент.

Сонымен қатар, полиция шабуыл жасаған мектеп оқушыларының ата-аналары да кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауап беретінін атап өтті.

Жамбыл облысында енесінің атына несие рәсімдеген келін сотталды.

 

Соңғы жаңалықтар