Шу ауруханасына жүкті болып түскен келіншектің денесін жұбайы жертөледен тапқаны рас па

ШУ. KAZINFORM — Шу көпсалалы аудандық орталық ауруханасында ана өліміне байланысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Жамбыл облысында туыстары келіншектің денесін аурухана жертөлесінен тапты
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Тергеу шараларына марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындардың дабылы түрткі болған. Олардың әлеуметтік желілерде мәлімдеуінше, 5 наурыз күні әйел ауырып, жүктіліктің 34-ші аптасында Шу қалалық көпсалалы ауруханасына жатқызылған. 9 наурыз күні кешке оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түседі. Ал 10 наурызда дәрігерлер ота арқылы құрсақта өліп қалған баланы алып тастайды. Сол кезден бастап келіншек жансақтау бөлімінде болады. Ал әйелін ауруханадан іздеген күйеуі оның ісініп, иістене бастаған денесін аурухананың техникалық бөлмелерінің бірінен тапқаны айтылады. 

Шу қалалық көпсалалы ауруханасы берген мәлімет бойынша «науқас 22 наурыз күні сәтсіз реанимациядан кейін жедел жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігіне байланысты қайтыс болған».

— Шу көпсалалы аудандық орталық ауруханасында ана өліміне байланысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында осы факті бойынша жұмыс тобы құрылды. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті осыған орай тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижелері мен сараптама қорытындысы кейін жарияланады, — деп жауап берді денсаулық сақтау басқармасында.

Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 317-бабы 2 және 3-бөліктері бойынша (медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауынан, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру және өліміне әкеп соқтыру) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Қажетті сараптама жасау үшін мәйіт Таразға жіберілді.

Бұған дейін Қызылордада әйелін ұрып-соққан ІІІ топ мүгедегіне қатысты тергеу басталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар