Қызылордада әйелін ұрып-соққан ІІІ топ мүгедегіне қатысты тергеу басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қалалық полиция басқармасы күйеуі ұрып-соққан әйелдің әлеуметтік желідегі видеосына қатысты түсінік берді.

Қызылордада әйелін ұрып-соққан ІІІ топ мүгедегіне қатысты тергеу басталды
Фото: әлеуметтік желі/Жазира Бегалы

Журналист Жазира Бегалы 25 наурыз күні Facebook әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны Сәуле Әкімованың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғаны туралы жазба жариялады.

- Әйел ауруханада тазалықшы болып жұмыс істейді. Ерінің соққысынан екі қабырғасы шытынап кеткенін айғақтайтын анықтама бар. Жәбірленушінің айтуынша, жұбайы қызғанып, жиі ұрып-соғады, - делінген жазбада.

Қалалық Полиция басқармасы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру дерегі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

- Азаматша екі баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды. Оларға жан-жақты психологиялық, құқықтық көмек және әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Отбасын зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында күдіктіге (ІІІ топ мүгедегі) қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Басқарманың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері тиісті профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, - деді басқарманың бөлімше бастығы Ләйла Туысбаева.

Қылмыстық іс облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Еске салсақ, елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі.

Соңғы жаңалықтар