Жамбыл облысында тұрғындар 90 жылда алғаш рет сапалы ауыз суды орталықтандырылған жүйемен алады
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Қараой ауылында прокуратура органдары қайтарған активтердің есебінен жүзеге асырылған ауызсу саласындағы әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс прокуроры Берік Әбілов, аудан әкімі, қоғамдық өкілдер, ауыл ақсақалдары мен құрметті тұрғындар қатысты.
Айта кетейік, ауыл тұрғындары 90 жыл ішінде алғаш рет сапалы ауыз суды орталықтандырылған жүйе арқылы алатын болады.
Осы жылдың қараша айынан бастап нысан пайдалануға берілді. Бл ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және олардың маңызды әлеуметтік мәселелерінің бірін шешуге бағытталған маңызды қадам болды.
Жамбыл облысының прокуратурасы мәліметінше, ауыл тұрғындары мемлекеттік органдарға және жобаны жүзеге асыруға атсалысқан тұлғаларға алғыс білдіріп, атқарылған жұмыстың ауылдың тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі күні Үкімет денсаулық сақтау, білім беру, спорт және сумен жабдықтау салаларында 420-дан астам әлеуметтік маңызы бар жобаны қаржыландыруды мақұлдағанын атап өткен жөн.
Айта кетейік, Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен салынған сегіз жаңа медициналық нысан ашылды.