Жамбыл облысында тұрғыннан 40 келіден астам марихуана тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау дерегінің жолын кесті.
Полицияның хабарлауынша, Меркі ауданының Қосқұдық құмды алқабында полиция қызметкерлері 40 жастағы ер адамды ұстады. Жергілікті жерді қарау барысында тәртіп сақшылары шабылған жабайы қарасора үйінділерін, сондай-ақ оларды тасымалдауға арналған бес бос қапты анықтады.
Күдіктінің айтуынша, ол жоғалған малын іздеуге шыққан. Кейін құрамында есірткісі бар жабайы өсімдіктерді жинап, оларды шатырдың үстіне жайып, кепкен жапырақтарын бөліп ала бастаған. Осы кезде оны полиция қызметкерлері ұстаған.
— Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 40 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты, — делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Еске салайық, бұған дейін Таиландтан 8,8 келі есірткі әкелмек болған қазақстандық 16 жылға сотталғанын хабарлаған едік.