Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында заңсыз қару сақтаған екі бақташыға айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында мал жайылымындағы қыстақтарда тіркелмеген аңшылық қаруын заңсыз сақтаған екі бақташы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Пастух, выпас скота, пастбище
Фото: Pexels

Жуалы аудандық соты 2026 жылдың мамыр және маусым айларында полиция жүргізген тексерулерден кейін қозғалған екі әкімшілік істі қарады.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары қыстақтардан тіркелмеген 12 калибрлі «ТОЗ-Б» және «ИЖ-18» тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтарын тапқан. Қару иелерінде оларды сақтауға рұқсат беретін құжаттар болмаған.

Сот отырысында екі бақташы да кінәсін мойындады. Олардың бірі мылтықты мал бағып жүрген кезде даладан тауып алғанын айтқан.

– Қаруды заңсыз сақтау дерегі полиция қызметкерлерінің хаттамалары, қызметтік баянаттары, тәркіленген қару және сараптама қорытындылары арқылы дәлелденді, – делінген сот материалдарында.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңсыз қару сақтағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, қару тәркіленеді.

– Сот шешімімен тұрғындардың біріне 86 500 теңге айыппұл салынды. Екінші құқық бұзушының материалдық жағдайы мен жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріліп, айыппұл мөлшері 30 пайызға азайтылып, 60 550 теңге болып белгіленді, – деп хабарлады сот.

Екі сот қаулысы да заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Түркістан облысында қаруды сақтау талабын бұзған 700-ге жуық азамат жауапқа тартылды.