Жамбыл облысында жылқысын пойыз қаққан тұрғын 531 мың теңге өтемақы төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында пойыздың жылқыны қағып кетуінен кейін оның иесі 531 мың теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Оқиға былтыр қараша айында Отар – Шу теміржол учаскесінде болған. Жолаушылар пойызы қозғалып келе жатқан кезде локомотивтің алдына кенеттен жылқы шығып кеткен. Машинист дыбыстық белгі беріп, шұғыл тежегішті қолданғанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Оқиғадан кейін электровоз қалпына келтіру жөндеуіне жіберілді. Теміржол компаниясы келтірілген шығынды 531 мың теңгеге бағалады.
Тексеру барысында мамандар жылқының иесін анықтады. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де теміржол маңында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Теміржол компаниясы Шу аудандық сотына локомотивті жөндеуге кеткен шығынды өндіру туралы талап арыз берді. Іс материалдарын зерделеген сот келтірілген залал мал иесінің жаю қағидаларын сақтамауы салдарынан болған деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен жылқы иесінен 531 мың теңге материалдық шығын, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуге жұмсалған шығын өндірілді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жүк пойызы жайылып жүрген 7 жылқыны қағып кеткені хабарланды.