Жамбылдықтар жыл соңына қарай медициналық сақтандыруды белсенді жүргізе бастады

ТАРАЗ. KAZINFORM — Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар аурулары бар сақтандырылмаған науқастар саны 16,5 пайызға қысқарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

МӘМС, медициналық сақтандыру
Коллаж: Kazinform/Freepik

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қант диабетімен ауыратын тұрғындар, сондай-ақ балалар церебралды сал ауруына шалдыққан науқастар белсенді түрде қосылып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша облыста 26 227 сақтандырылмаған азамат тіркелген болса, 10 желтоқсанға қарай олардың саны 21 895 адамға дейін азайған. Осылайша, қысқа уақыт ішінде көрсеткіш 4 332 адамға төмендеген.

Ең айқын оң динамика әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастар арасында байқалды. Атап айтқанда, қант диабетімен ауыратын сақтандырылмаған науқастар саны 1 464 адамнан 990 адамға дейін қысқарып, 32,4 пайызға азайған. Балалар церебралды сал ауруы бойынша бұл көрсеткіш 19 адамнан 3 адамға дейін төмендеген. Сондай-ақ ревматизм мен гепатит аурулары бойынша да айтарлықтай қысқарып отыр.

Жалпы, ресми статистикаға сәйкес, өңірдегі медициналық ұйымдарға 1,2 миллион адам тіркелген. Олардың ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 942 мың адам сақтандырылған, бұл тіркелген халықтың шамамен 80,3 пайызын құрайды. Қазіргі таңда сақтандырылмаған азаматтар саны 230 мың адам деп бағаланып отыр.

Денсаулық сақтау басқармасында сақтандырылғандар санының өсуі жұмыссыз мәртебесін белсенді түрде рәсімдеумен, түсіндіру жұмыстарының жүргізілуімен және электрондық сервистер арқылы сақтандыру мәртебесін тексеру мүмкіндігімен байланысты екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барғанын хабарладық.

Сондай-ақ бұған дейін Жамбыл облысында 6 жасар бала өлімінен кейін бас дәрігер жұмысынан босатылғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар