Жамбылдың туристік келбеті қалай қалыптасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Көрікті табиғат туристерді тамсандырғанымен, өңірдің шынайы келбеті тазалығымен өлшенеді. Осыны назарға алған Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» жобасы бұл жолы Жамбыл өңіріне табан тіреп, туристік аймақтардың санитарлық ахуалын, экологиялық мәдениеті мен демалыс орындарының тазалығын таразылады. 

Жамбылдың туристік келбеті қалай қалыптасып жатыр
фото: видеодан алынған скрин

Тарихи кешен австралиялық туристі таңдандырды

Сапар Тараз төріндегі «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінен басталды. 2019 жылы облыстың 80 жылдығына орай бой көтерген нысан бүгінде көне шаһардың көрікті орындарының біріне айналған. Талас өзенінің жоғары жағалауында, тау бөктерінде орналасқан кешеннің әр тұсы Тараздың мыңжылдық тарихынан сыр шертіп тұр.

Жамбылдың туристік келбеті қалай қалыптасып жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Кешеннің күтімі назардан тыс қалмаған. Тараз қаласының тұрғын үй-құрылыс бөлімінің бас маманы Фархат Балажановтың айтуынша, нысан пайдалануға берілгеннен бері аумақты абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

— Алты жыл бұрын құрылыс бөлімінің тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда мұнда 4500 түп ағаш егілген. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Аумақ тұрақты түрде тазаланады. Бұл іске «Жасыл ел» жасағының сарбаздары да атсалысып жатыр, — деді ол.

Шынында кешен аумағы таза әрі ұқыпты. Келушілерге арналған орындықтар мен демалыс орындары жеткілікті. Ең бастысы, туристерге қажетті инфрақұрылым толық қарастырылған. Сондықтан мұнда жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік қонақтарды да жиі кездестіруге болады. Солардың бірі — Австралиядан келген турист Клэменд Лазурини.

Клэменд Лазурини
Фото: видеодан алынған скрин

Ол Орталық Азияға жасаған ұзақ сапары барысында Таразға арнайы аялдаған.

— Жолға шыққаныма үш ай болды. Грузияға дейін толықтай велосипедпен жеттім. Кейін Грузиядан Ақтауға ұшып келіп, Қазақстан арқылы Өзбекстанға бардым. Одан соң қайта Қазақстанға оралдым. Осы сапарымда Тараз ерекше әсер қалдырды. Өңір өте жасыл, әдемі әрі тарихқа тұнып тұр. Соның ішінде Тектұрмас кешені таңдандырды, — дейді саяхатшы.

Клэмендтің Таразға келуіне әлеуметтік желі де себеп болған. Ол TikTok арқылы жергілікті тұрғын Мақсат Есембаевпен танысып, кейін оның қонағы болған.

— Қазақтар өте қонақжай халық екен. Үйінде дастарханнан дәм таттық. Таразды аралатты. Ерекше әсер алдым, — дейді австралиялық турист.

Дегенмен Тектұрмасты мінсіз деуге келмейді. Мәселен, ұлттық тағамдар ұсынатын дәмхана жабық тұр. Кейбір баспалдақтардың опырылғаны көзге түседі. Ал түсірілім кезінде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, аумақта қоқыс көп байқалмаған.

Алайда тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Мұнда келетін кейбір туристердің мәдениеті ойландырмай қоймайды. Себебі кешеннің жекелеген бөліктерінде атын қашап жазып кеткендер келушілердің ізі сақталған.

Жылына 70 мың турист келеді

Келесі бағыт — махаббаттың мәңгі символына айналған Айша бибі кесенесі болды. Бұл — Орталық Азияда ойылған терракотамен қапталған бірегей сәулет ескерткіші.

Айша-Бибі кесенесі
Фото: видеодан алынған скрин

Кесене қабырғаларында күйдірілген қыш тақталарының 60-қа жуық түрі қолданылған. Осы ерекшелігінің арқасында нысан Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген. Бүгінде мұнда зиярат етушілер мен туристердің қарасы қалың.

Айша бибі мен Бабаджа Хатун кесенелерінің аумағы шамамен 5 гектарды алып жатыр. Жыл сайын мұнда 70 мыңға жуық адам келеді. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Қытайдан, Еуропа елдері мен Ресейден ағылатын көрінеді.

Нұржан Мергенбай
Фото: видеодан алынған скрин

Ең бастысы, туристерді қарсы алуға қажетті жағдай жасалған. Жолдары тегіс, аумағы таза, демалыс орындары жеткілікті. Дәретхана мен кәдесый, киім сататын дүкендер де жұмыс істеп тұр.

— Соңғы 4-5 күннің өзінде әр нысанға шамамен 2000 адамнан келді. Аула жұмыскерлері аумақтың тазалығын тұрақты қадағалайды. Гидтер туристерді қарсы алып, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Қызмет қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде көрсетіледі, — деді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорының директоры Нұржан Мергенбай.

Кесене аумағын аралау барысында көзге бірден түсетін нәрсе — тазалық пен тәртіп. Жасыл желекке көмкерілген аумақта қоқыс та, күтімсіз қалған нысандар да байқалмайды.

Қарахан кесенесінің жұмбағы

Айша бибі кесенесінен кейін жол Тараздың тағы бір тарихи нысаны — Қарахан кесенесіне түсті. Егер Айша бибі махаббаттың символы саналса, Қарахан кесенесі Қараханидтер дәуірінен жеткен сәулет өнерінің озық үлгісі.

Туристер жиі келетін нысан 30 түрлі өрнекті кірпішпен қаланған. Кесенедегі төбеге шығатын баспалдақ та көптің қызығушылығын тудырады. Себебі төбесі жабық болғанымен, баспалдақтың нақты қандай мақсатта салынғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Қарахан кесенесі
Фото: видеодан алынған скрин

Бүгінде кесене аумағы абаттандырылған, айналасы жасыл желекке көмкерілген. Туристер үшін QR-кодтар орнатылып, тарихи ақпаратқа қолжетімділік жасалған.

Дегенмен көзге түскен кемшілік жоқ емес. Жалпы аумақ таза болғанымен, киелі орын маңындағы қоқыс көңілге кірбің түсіреді. Тарихи нысанның тартымдылығы тек сәулетімен емес, тазалығымен де өлшенетінін ескерсек, мәселеге әлі де назар аудару қажет.

Шерхан Мұртаза шығармасына қосқан Көксай

Тарихи нысандарды аралағаннан кейін бағыт табиғаттың тұмса сұлулығы сақталған Көксай шатқалына бұрылды. Көксай — өткен ғасырдың 90-жылдары аймақтың флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында қорық аумағына енгізілген шатқалдардың бірі. Мұнда өсімдіктердің сан алуан түрі өседі. Шетен, арша, шырша секілді ағаштар көмкерген табиғат көрінісі жыл сайын мыңдаған демалушыны өзіне тартады.

Көксай шатқалы
Фото: видеодан алынған скрин

Табиғи туризмнің әлеуеті артып келе жатқанын демалыс орнының иелері де байқап отыр. Алайда олар келушілер санын көбейту үшін арнайы жарнамаға басымдық бермейтінін айтады.

— Орталықтың жарнамасына қатты күш салып жатқан жоқпыз. Себебі келетін адам көп, олардың барлығына қызмет көрсету қиынға соғуы мүмкін. Жазда табиғаттың көркі ерекше болса, қыста шаңғы тебу қызметін қостық. Былтыр күніне шамамен 250 адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 380-ге жетті. Сонымен қатар аумақта 80 орындық қонақ үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, — дейді Koksay Resort демалыс орталығының иесі Нұрмахамбет Мырзахметұлы.

Нұрмахамбет Мырзахметұлы
Фото: видеодан алынған скрин

Дегенмен туристік нысанның дамуына кедергі болып отырған мәселелер бар. Ең алдымен көзге түсетіні — көлік тұрағының жоқтығы.

— Біріншіден, оған рұқсат қажет. Екіншіден, қаржы қолбайлау. Бірақ алдағы уақытта бәрі реттеледі деп ойлаймын, — деді Нұрмахамбет Мырзахметұлы.

Соған қарамастан, Көксайдың табиғи тартымдылығы кеміген емес. Мұнда кең дала, ну орман және шүйгін шалғын қатар үйлесім тапқан. Сондықтан өңір тұрғындары бұл жердің туристік әлеуеті әлі толық ашылмаған деп есептейді.

— Көксайға көбіне қазақстандықтар келеді. Егер туризмді одан әрі дамытып, жақсырақ насихаттаса, бұл жаққа шетелдік туристердің де қызығушылығы артары анық, — дейді Жамбыл облысының тұрғыны Мерей Аярбек.

Көксайдың көркі туралы айтқанда, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында жиі суреттелетін Ақсай мен Көксай шатқалдарын айналып өту мүмкін емес. Алыстан менмұндалаған асқар тау мен жасыл белестер кез келген жанды тәнті етеді. Ал шатқалдың ішіне тереңдей түскен сайын ондаған шақырымға созылған өзен арнасы көзге шалынады.

Осы өзеннің бастауы саналатын Айнакөл де туристер көп іздейтін орындардың бірі. Тау ішінде орналасқан көлге атпен шамамен 3-4 сағатта жетуге болады. Табиғат аясында тыныштықты іздеген саяхатшылардың бұл жерге арнайы ат басын бұруы бекер емес.

Шипалы суымен танылған шипажай

Келесі аялдама — Жамбыл облысындағы ең танымал сауықтыру орындарының бірі саналатын «Мерке Радон» шипажайы.

«Мерке Радон» шипажайы
Фото: видеодан алынған скрин

Қырғыз Алатауының бөктерінде орналасқан шипажайдың басты ерекшелігі — радонға бай минералды су. Мұнда емдік ванна, физиотерапия, массаж және өзге де сауықтыру шаралары жүргізіледі. Сондықтан ем іздеп келетіндердің қарасы қалың.

— Суы, ауа райы, емі шипа. Жетінші рет келіп отырмыз. Саумал ішеміз. Алайда нысан ескілеу. Ғимаратты жөндесе артық емес, — дейді шипажайға келушілер.

қонақ
Фото: видеодан алынған скрин

Жыл сайын мұнда шамамен 14 мың адам келеді. Тәуліктік жолдама құны 24 мың теңгеден басталады. Оның ішіне төрт мезгіл тамақ, жатын орын және 20-ға жуық емдік шара кіреді. Жазда шипажай бір мезетте 245 адамды, ал қыста 175 адамды қабылдай алады. Жалпы аумағы 34 гектарды құрайтын демалыс орнында дүкендер мен сұлулық салоны да жұмыс істейді.

— 44 жылдан бері су арнасы мен көптеген инженерлік желілер жаңартылмаған еді. Соңғы екі жылда олардың барлығын ауыстырдық. Жаңа лифтілер орнатылды. Алдағы бес жылда 120 орындық жаңа корпус салып, орын санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір шипажай 412 орынға шақталған. Көбіне зейнеткерлер келеді. Мұны өңірдің көлік инфрақұрылымымен байланыстырамын. Себебі Таразға көптеген қаладан тікелей әуе рейстері қатынай бермейді, — дейді «Merke Radon» шипажайының бас директоры Серік Мақажанов.

Шипажайдан кейін бағыт «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне» қарай жалғасты. Алайда жол үстінде тазалық мәселесіне қатысты түйткілдер анықталды.

— Таудың арғы-бергі бетінде қоқыс үйіліп жатыр. Полигон бар болғанымен, қалдықтар түгелдей сонда жеткізілмейді, — дейді Меркі ауданының тұрғыны Қайрат Илипов.

Жергілікті тұрғынның сөзінің жаны бар. Табиғи паркке бара жатқан жолда тау жақтан көтерілген түтін көзге шалынады. Бұл өңірдегі қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Қайрат Илипов
Фото: видеодан алынған скрин

Дегенмен тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып жүрген жастар бар. Меркі ауданындағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еріктілер апта сайын сенбілікке шығып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосып келеді.

— Жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрақты түрде сенбілік жұмыстарын жүргізеді. Олар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны таза ұстауға белсенді атсалысып жүр, — дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров.

Экотуризмнің жаңа нүктесі

«Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» — Жамбыл облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. Былтыр тамыз айында құрылған парк бүгінде өңірдегі экотуризмді дамыту бағытындағы маңызды жобалардың қатарына еніп отыр.

Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі
Фото: видеодан алынған скрин

Мекемеде қазір 50-ден астам қызметкер еңбек етеді. Парк толыққанды жұмысын жолға қою үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде.

— Құрылғанына 8 айдан астам уақыт болды. Қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет қаулысын күтудеміз. Келушілер арнайы аймақтарды аралап жүр. Биылғы жылдың соңына қарай демалыс орындарының аумағын кеңейтіп, байланыс желісін қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар келушілер легіне тұрақты мониторинг жүргіземіз. Биыл наурыз айынан бері паркке 5 мыңнан астам адам келді, — дейді «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» директорының орынбасары Қалжігіт Қалыбаев.

табиғи парк
Фото: видеодан алынған скрин

Табиғи паркке келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Соған қарамастан, әзірге мұнда кіру үшін ақы алынбайды. Себебі парк әлі даму кезеңінде. Қазіргі уақытта келушілерге арналған нақты тариф бекітілмеген.

Туристер санын екі есе арттыру көзделіп отыр

Өңірдегі туристік нысандарды аралау барысында тағы бір мәселе назардан тыс қалмады. Ол — жол сапасы. Әсіресе шипажай мен табиғи паркке апаратын бағыттарда жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны байқалады. Осыған байланысты бағдарлама жүргізушілері Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесіп, өңірдегі туризмнің бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспарларды талқылады.

Ербол Қарашөкеев
Фото: видеодан алынған скрин

Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп келеді. Соның нәтижесінде Көксай шатқалына дейінгі 19,5 шақырым жол салынған. Ал биыл жеке инвесторлар есебінен визит-орталық ашылыпты.

— Меркі шипажайының су мәселесі толық шешілді. Енді оған апаратын жолды реттейміз. Бір айдың ішінде жол жұмыстары толық аяқталады. Жалпы былтыр облысқа 212 мың турист келді. Оның 5 мыңы — шетелдік қонақтар. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін инфрақұрылымды дамытуға күш саламыз. Туризм — инвестиция тартудың маңызды бағыты, — дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы туристер көп баратын тарихи-мәдени нысандардың жай-күйіне де тоқталды. Оның айтуынша, облыстың визит картасына айналған кейбір ескерткіштерді жөндеу мен күтіп ұстау мәселесі жергілікті биліктің құзыретіне толық кірмейді.

— Қарахан мен Айша бибі кесенелері республикалық теңгерімде. Сондықтан облыстық бюджеттен оларға тікелей инвестиция сала алмаймыз. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деп ойлаймын, — деді облыс әкімі.

Тарихи өңірге сарапшылар қандай баға берді?

Өңірдегі туристік нысандар мен инфрақұрылымның жай-күйін саралағаннан кейін бағдарлама қорытындысы сарапшылар талқысына ұсынылды.

Елдос Абақанов
Фото: видеодан алынған скрин

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақановтың пікірінше, Жамбыл облысы табиғи және тарихи мұраға бай өңірлердің бірі.

— Жамбылдың көркі көз сүріндіреді. Тарихи нысандарға бай. Туристерге қажетті жағдай жасалған. Дегенмен істелетін жұмыстар әлі де бар. Маған ұнағаны — облыс әкімінің мәселелерді жасырмай, ашық айтып, объективті пікір білдіруі, — деді сарапшы.

Едіге Әділханов
Фото: видеодан алынған скрин

Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов өңірде ішкі туризмнің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

— Кейбір туристік нысандар республикалық деңгейде қаржыландырылады. Бұл — басқа өңірлерде де кездесетін жағдай. Соған қарамастан облыстың туристік әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта ішкі туризммен қатар шетелдік туристер саны да артады деп ойлаймын, — деді Едіге Әділханов.

Нариман Әлдібеков
Фото: видеодан алынған скрин

Сарапшылар назар аударған тағы бір мәселе — экологиялық мәдениет пен туристік нысандардың жай-күйі.

— Экомәдениет ақсап тұр. Бұл — үлкен проблема. Сонымен қатар шипажайларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарын да кейінге қалдырмаған жөн, — дейді Туризм индустриясы комитетінің ішкі талдау басқармасының басшысы Нариман Әлдібеков.

Бағдарлама критерийлері бойынша Жамбыл облысы 23 ұпай еншіледі. Еске салайық, бұған дейін Шымкенттің туристік мекендері назарға алынған болатын.