Жамбыл облысында табиғи апат салдарын жою, қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай орнында ТЖ салдарын жою жөніндегі облыстық штаб жұмыс жасауда. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласы мен Алматы облысынан 218 адам мен 37 бірлік техника қосымша күштер жұмылдырылды, зақым келген желілерді алмастыру үшін аймақтардан қажетті материалдар жеткізілуде.
Электр желілеріндегі апаттық жағдайды жою үшін «КЕГОК» АҚ, «ЖЭС» ЖШС, Талас ЭС қызметкерлері мен Тараздан қосымша күштер тартылды.
Сөніп қалған электр тарату желілерін тексеру жүргізілуде, қанша материал қажет екені саналып, оларды жеткізу амалдары қаралуда.
Қаратау қаласында қираған қазандық ғимаратының орнын тазалау бойынша жұмыстар жүруде. Коммуналдық қызметтер әскери бөлімдермен бірлесіп көшелерді құлаған ағаштар мен қоқыстан тазартып жатыр.
«Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» АҚ арнайы бригадалары байланыс желілерін қалпына келтіруде. Бұған 48 адам жұмылдырылды. Ұялы операторлар желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қуаттылығы 1050 килоВатт және 800 кВт автономды генераторларды жеткізу ұйымдастырылған.
«Қазақстан темір жолы» АҚ әрі қарай аудандарға тасымалдау үшін Тараз қаласына 5 дизельдік генератор жеткізді. Қаратау қаласында ауруханадағы науқастарды алып шығу үшін 4 плацкарт вагоны жөнелтілді. Жамбыл-Қаратау және Қаратау-Жаңатас теміржол учаскелерін қалпына келтіру жүргізілуде.
Жаңатас қаласында электр және байланыс желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Жаңатас-Су-Жылу» МҚК 5 қазандық жұмысқа дайын, 1 қазандықты монтаждау аяқталуда - дайындық деңгейі 96%.