Жамбыл облысында жазықтағы су қоймаларына ағып кеткен балықтар құтқарылуда

Ауа райының күрт ысуы таулардағы мұздықтардың қарқынды еруін арттырып, бұл өз кезегінде су қоймаларындағы судың артуына әкеп соқты. Бұған қоса, арнасына су толған өзендер арқылы ұсақ су қоймалар, каналдар мен суармалы арықтар арқылы жазық далаға балықтар ағып кетіп жатыр. Жамбылдағы су қоймалары жыбырлаған балыққа толды, өзен жағаларынан мөңке балық, сазан тағы басқа балық түрлерін шелектеп аулап алуға болады.
«Бұл балықтар популяциясы үшін дабыл қақтырарлық жағдай, - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы бөлімінің бас маманы Марат Дүрімбетов. - Тасқын Талас, Шу және Аса өзендерімен бағыт алған, сол себепті балықтар жазық дала мен таяз сулы жерлерге тап болады, оның салдарынан шабақтар қырылып қалады. Ауыл тұрғындары мен балықшылар ірі және ұсақ балықтарды аулап, қайтадан өзенге жіберіп жатыр, олай істемесе бұл жағдай балықтардың популяциясы үшін өте қауіпті. Біз күн сайын өзендерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүрміз».
Облыстық инспекция өкілінің мәлімдеуінше, Талас ауданындағы Үшарал ауылы және Сарысу ауданындағы Тоғызкент пен Шағалалы ауылдарындағы жағдай өте күрделі.
Облыстық инспекция өкілдерінің Жамбыл облысындағы барлық ірі-ұсақ өзендерді аралап шығуға мүмкіндігі жоқ, сондықтан балықтың қырылуына қарсы тұруға қауқарсыз болып отырғаны жағдайды ушықтыра түсуде. Өйткені облыстағы өзендердің ұзындығы айтарлықтай ұзақ. Бір Шу өзенінің өзі мың километрге созылады, Таластың ұзындығы 400 километрден артық, Аса - шамамен 250 шақырым. Сол себепті облыс тұрғындарына балықтар қиын жағдайға тап болған су қоймалары туралы 51-96-91 нөмірі бойынша инспекцияға хабарлауын сұрайды.