Жамбыл облысында жерленген поляк жауынгерлерінің мүрдесі салынған сауыт Польшаға берілді
ТАРАЗ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Варшавада Польша Әскері кафедральдық соборында Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысында жерленген поляк жауынгерлерінің мүрдесі салынған сауытты беруге арналған салтанатты шара өтті.
Поляк жауынгерлерін жерлеу рәсіміне олардың туыстары қатысты. «Поляк жауынгерлерінің мүрдесін туған жеріне жеткізуге жамбылдық поляктардың «Полонез» қоғамы, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев және облыстық мәдениет басқармасы бастамашы болды - сөйтіп, қайтыс болған адамдарды туған жерінде жерлеу тілегін орындады, - деді салтанатта Қазақстанның Польшадағы елшісі Ерік Өтембаев. - Олардың бұл тілегі Мерке ауданының Сыпатай батыр ауылындағы бауырластар бейітінде мемориалдық тақтада қашалып жазылған. Дүниеден өткендердің соңғы өсиетін орындау - барлық халықтар үшін азаматтық парыз».
Жауынгерлерді және бостандық үшін қаза болғандарды есте сақтау варшавалық кеңесінің төрағасы Кшиштоф Кунерт өзінің Қазақстанға сапары туралы әңгімеледі. «Біз жергілікті тұрғындардың поляктарды есте сақтауға деген ілтипатын көрдік және олардың бұл естелікті сақтап, ұрпақтарына жеткізгеніне ризамыз», - деп атап көрсетті ол.
Еске сала кетейік, 28 мамырда Жамбыл облысында поляк жауынгерлерінің бейітінде генерал Владислав Андерстің поляк жауынгерлерін қайта жерлеу салтанатты рәсімі өтті. Генерал Андерстің сарбаздары жерленген Мерке ауданындағы Сыпатай батыр ауылының аумағындағы бейіттен алынған топырақ қайта жерлеу және Варшавада мемориалдық тақта ашу үшін капсулаға салынды.
1941-1942 жылдары КСРО-ның шығыс бөлігінде, соның ішінде Жамбыл облысында кеңестік аумақта болған поляк азаматтарынан генерал Андерстің армиясы құрылып, Еуропадан Азия, Африка арқылы қайтадан Еуропаға өтті. КСРО-дан Иранға британ әскерлерімен қосылу үшін жөнелтілген генерал Андерстің соңғы эшалондары үлкен қиындытарға тап болды. Үш жүзге тарта солдат майданға жете алмай Қазақстанның оңтүстігіндегі бауырластар бейіттерінде жерленді. Соғыс жылдарында Польшаның қуғын-сүргінге ұшыраған бес жүзге тарта азаматтары Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық бейітінде мәңгі жай тапты.
Еске сала кетейік, 10-14 маусым күндері Польша астанасы - Варшавада қазақстандықтардың өнерімен, халықтық дәстүрлерімен варшавалықтарды таныстырып жатқан Жамбыл облысының мәдениеті күндері өтуде.