Жамбыл облысындағы цемент зауыттары жергілікті қамтуды дамыту бойынша меморандумға қол қойды

Аймақ басшысы Кәрім Көкрекбаевтың Мойынқұм ауданына жұмыс сапары кезінде Мыңаралар цемент зауытында кәсіподақ, облыс әкімідігі мен компания арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Еске сала кетейік, «Мыңарал Тас компани» ЖШС-нің цемент зауыты - («Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС) Қазақстанда өндірістің «құрғақ әдісі» қолданылатын бірінші зауыт. Аталған жобаны Мемлекет басшысының Францияға ресми сапары барысында жасаған шақыруымен франциялық инвестор - «Vicat Group» тобы жүзеге асырды.
2015 жылы компания өндіріс қуатының жоспарлы межесіне жетіп, 16 млрд теңгеден асатын 1,34 млн тонна өнім өнірді.
Сонымен қатар, «Хантау» цемент зауыты басшылығымен де жергілікті қамту бойынша үшжақты келісімге қол қойылды.
Мұнда өндіріс қуаттылығы жылына 500 мың тонна цементті құрайды. Тағы айта кетерлігі, зауыт 8,2 млрд. теңгеге заманауи технологиялармен жабдықталған.
Биыл «Хантау» цемент зауыты облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар үшін 450 мың тонна өнім өндірмек.
Қазіргі уақытта вахталық ауысым бойынша, зауытта 210 адам жұмыс істейді, олардың 50 пайызы жергілікті тұрғындар.