Жамбылдың ленинградтық өрендерге арнаған толғауы Бейжіңдегі «Жеңіс жаңғырығы» мерекелік кешінде оқылды (ФОТО)
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдағы Қазақ студенттері қауысмдастығының Бейжіңдегі бөлімшесінің белсенділері Бейжіңдегі Ресейлік студенттер одағымен бірлесіп, Аспанасты елінің астанасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс жаңғырығы» мерекелік кешін ұйымдастырды.
«Концертті Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан студенттері бір ай бойы әзірледі. Оған барлық посткеңестік елдер елшіліктеріне шақыру жіберілді. Біз бұл концерт арқылы 21-ғасырдың студенттері сол соғыс кезіндегі ерлікті есте сақтап, құрметтейтінімізді көрсетпек болдық», - деді ҚазАқпаратқа берген сұхбатында Қытайдағы қазақ студенттері қауымдастығы Бейжің бөлімшесінің төрағасы Әшім Тұрыскелдин.
Шараға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медалімен марапатталған қытайлық ардагерлер, Жапонияға қарсы соғыстағы қытайлық қолбасшылардың ұрпақтары құрметті қонақ ретінде қатысты.
Концерт сценарийі соғыстың бүкіл хроникасын көрсетті: диктор Левитанның фашистік Германияның тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөніндегі шұғыл хабарынан бастап, соғыс жылдары әндері арқылы Ұлы Жеңіске дейінгі оқиғалар көрсетілді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери киім киген студенттер соғыс жылдарының әндерін, өлеңдерін және билерін орындады.
Қазақстандық студенттер қазақ және орыс тілдерінде Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім» өлеңін оқып, Жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі, соның ішінде қазақ халқының ержүрек батырлары мен тыл еңбеккерлері туралы айтып берді.
«Қазақстандық студенттер бұл шараға бастамашы болды. Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы жеңіске зор үлес қосты. Бұл - біздің жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі, тылдағы жанқиярлық еңбек. Соғыс майдандарында атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған», - деді қазақстандық журналистерге сұхбатында концертке қатысушы, Қытай ғылыми-техникалық университетінің 2-курс студенті Азамат Карманов.
Студенттер «Жеңіс күні», «Енді соғыс болмасын» әндерімен өз өнерлерін аяқтады, бұдан әрі концерт эстафетасын қытайлық тарап жалғастырды. Концерттен кейін фуршетте ардагерлер мен қонақтар далалық әскери дастарханнан солдат ботқасынан дәм татты, оны қазақстандық және ресейлік студенттер және грузин аспаздары әзірледі.
Бейжіңдегі Ресей мәдени орталығының өкілі Владимир Маркин ТМД елдерінің жастары соғыс батырлары мен Ұлы Жеңіс туралы естеліктерді мәңгі жадында сақтайтынын атап өтті, оның айтуынша, бүгінде барлығына бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін қазіргі ұрпақ майдангерлерге мәңгі қарыздар.