Жан біткен суреттер: Гиперреалист суретшінің бір суретке 30 сағатын жұмсауының сыры неде

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде оның туындыларын көргендер «бұл жасанды интеллектінің жұмысы» немесе «жай ғана фотосурет» деп сенбей жатады. Алайда 22 жастағы отандық суретші Дана Манарбекқызы үшін әрбір туынды апталап созылатын қажырлы еңбек пен мінсіздікке ұмтылыстың жемісі.

суретші Дана Манарбекқызы
Фото: Видеодан скрин

Кейіпкерінің көз жанарынан бастап, терісіндегі ең ұсақ тесіктерге дейін қағазға түсіретін шебердің гиперреализм бағытындағы еңбегі бүгінде миллиондаған қаралым жинап үлгерді.

Дананың айтуынша, гиперреализмнің кәдімгі реализмнен басты айырмашылығы — детальдардың шектен тыс дәлдігінде. Суретші бір ғана портретті аяқтау үшін орта есеппен 30 сағат уақытын жұмсайды.

а
Фото: Видеодан скрин

— Мен үшін ең маңызды деталь — ол көз жанары. Егер мен көзқарасты сурет арқылы жеткізе алсам, жұмыстың жартысы бітті деген сөз. Кішкентай кезімнен портрет салғанды жақсы көремін. Мен үшін суретті ең ұсақ бөлшектеріне дейін дәлме-дәл салу маңызды. Өмірде де, өнерде де перфекционист болғандықтан, әрбір штрихтың орнында болғанын қалаймын. Бір жылда шамамен 10-шақты ғана сурет саламын, өйткені сапа уақытты талап етеді, — дейді қылқалам шебері.

Суретші өз жұмыстарында көмір мен заманауи графиттік қарындаштарды ұштастыра біледі. Бұл оның суреттеріне ерекше тереңдік пен контраст береді.

— Мен сурет салғанда қара қарындаш пен көмірді қатар қолданамын. Көмір — суретшілердің ең көне құралдарының бірі, ол өте қанық қара түс береді, сол арқылы көлеңке мен тереңдікті көрсету оңай. Ал графиттік қарындашпен ашық жерлерін және ең нәзік тұстарын сызамын. Көп адамдар менің жұмыстарымды ЖИ немесе ксерокс деп сынайды. Соған жауап ретінде жақында робот адамның портретін салып шықтым, — дейді ол.

с
Фото: Видеодан скрин

7-сыныптан бастап тапсырыс қабылдап, бүгінде ірі отандық брендтермен коллаборация жасап жүрген Дананың алға қойған мақсаты айқын — ол қазақ өнерін халықаралық деңгейге шығарғысы келеді.

— Өзімді болашақта халықаралық көрмелерде көремін. Желідегі бір постымның миллионнан астам қаралым жинауы маған үлкен қолдау болды. Ең бастысы — қандай бағыт болмасын, жүрек қалауы болса, тоқтамау керек. Өнерге деген махаббат болса, туабітті таланттың бар-жоғы маңызды емес, бәрі тәжірибе мен еңбекпен келеді, — деп түйіндеді Дана Манарбекқызы.

Дананың бүгінгі таңдағы ең сүйікті жұмысы — «Марвел» комикстерінің авторы Стэн Лидің портреті. Ол суретке 25 сағатқа жуық уақыты кеткен. Алдағы уақытта жас шебер А3 форматынан әлдеқайда үлкен масштабтағы туындылар салып, жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін тісімен сурет салатын түркістандық қыз жайлы жазған едік.