Жаңа Әдеп кодексі заман талаптарынан туындап отыр - Есенбай Боранбаев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 21 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР судьяларының кезектен тыс VІІ съезі өтеді. Осы айтулы оқиға қарсаңында БҚО сотының судьясы Есенбай Боранбаев өз ой-толғамын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа Әдеп кодексі заман талаптарынан туындап отыр - Есенбай Боранбаев

Оның айтуынша, тәуелсіздік алып, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылған Қазақ елі дамудың 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға кіріскені мәлім. Еліміздің ұзақ мерзімді бағдарламалары болашақтың жай жоспары ғана емес, әр қадамы заңмен негізделіп, іспен бекітілген даму көрсеткіштеріне айналды. Бүгінде Елбасының өзі құқықтық дамудың көшбасшысы деп бағалаған Қазақстандағы сот жүйесі өзіне артылған зор сенімді ақтап, зайырлы қоғамға беталыстың алғы шебінде келеді. Бұған дейінгі алтыншы съезде судьялар қауымдастығының алдына қойылған міндеттер толығымен орындалды. Сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалды. Судья кадрларының кәсіби және адамгершілік деңгейін көтерудің ауқымды шаралары алынды. Оған сот процестерінің толық аудиобейнетаспаға жазылуының жүзеге асуы мен судья қадрларына қойылатын талаптар күшейтілгендігі, сот сатыларының оңтайландырылып, еліміздің соттары сот төрелігін атқарудың үш буынды жүйесіне көшкендігі айғақ.

Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінен бергі үш жыл уақыт ішінде құқықтық жүйе де аса жедел қарқынмен ілгеріледі. Елбасының өткен съезде судьялар қауымдастығының алдына қойған міндеттері орындалып қана қойған жоқ, заман талабынан туындаған жаңа міндеттермен толығып, соттар дамудың жаңа белестеріне бет алды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жаңа Азаматтық процестік Кодексі, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңы қабылданып, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың мүмкіндіктері әлемдік озық стандарттарға сай кеңейтілді. Істерді сотта қарау процестері жеңілдетіліп, тиімді және қарапайым азаматтарға ұғынықты етілді. Бітімгершілік рәсімдері жетілдірілді.

2016 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік кодекске дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға және сот шығындарын азайтатын көптеген баптар енгізілді. Судьяның жәрдемдесуімен жүзеге асыратын бітімгершілік рәсімі «Сот медиациясы» кеңінен қолданыла бастады. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Дауласушы тараптар татуласу келісімін жасай алады, сондай-ақ дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттей алады. Қала берді оңайлатылған (жазбаша) іс қараудың тәртіптері енгізіліп отыр. Жаңа Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны артты. Өткен тоғыз айда облыста татуластыру рәсімдерімен 1061 азаматтық іс қаралып, 180 тарап бітімгершілік келісімге келді. Медиация тәртібімен қаралған 877 істің 610-ы бойынша сот медиациясы қолданылды. Аз да болса партисипативтік рәсіммен реттеліп жатқан даулар да бар. Тоғыз айда 6177 талап арыз оңайлатылған өндіріс тәртібімен қаралды.

-Есенбай Нұрлыбайұлы, алдағы съезде жаңа Әдеп кодексі қабылданбақшы. Осыған байланысты не айтар едіңіз?


-Қоғам дамуының жеткен белестері әдет-ғұрып, әдеп нормаларын жаңа сапаға көтеріп отыратындығы белгілі. Қолданыстағы судьялардың әдеп нормалары еліміздің сот жүйесінің өткен кезеңдердегі жағдайына қарай көптеген ұсыныстарды екшей келе Қазақстан Республикасы судьяларының 2009 жылғы 18 қарашада өткен бесінші съезінде толықтырылып, жаңа нұсқада бекітілген еді. Одан бері қоғамымыздың дамуында қаншама өзгерістер болды. Қазір мүлде басқа әлемде өмір сүріп жатырмыз десек те болады. Бұған дейін қолданылып келген 9 баптан тұратын «Судьялар әдебінің» кодексі сот билігінің осы күнге дейінгі жоғары мәртебесін қалыптастыруға лайықты қызмет етіп келді.

Ал алдағы жетінші съезде қабылданатын жаңа әдеп Кодексі судьялардың мінез-құлық жоралғыларының Бангролор қағидаттары мен үздік халықаралық тәжірибелерге негізделіп жасалып, қағидаттары қазіргі заманғы ғылыми айналымдағы еңбектерде дәлелін тапқан және істе сыналған судьялардың әдеп нормалары мен ел дамуының стратегиялық басымдылықтарына қарай жаңартылды. Онда судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қызметін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстанымдары бөлек-бөлек үш тарауда нақтыланып отыр.

-Қазақстан тарихында билер соты болғаны мәлім. Ендеше, судьялар әдебін, жалпы құқықтық қайнарды билер дәстүрінен бастауға бола ма?

-Бұл - зерттей түсуді қажетсінетін мәселе. Өйткені билер соты, дәстүрі тек өзімізге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа үлгі боларлықтай бөлек бір институт. Қазіргі кезде Жоғарғы сот пен еліміздің Бас прокуратурасы «Әділдік - құқықтық қорғаудың басты ұстанымы» деп аталатын жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісті. Сол әділдіктің бастауын біз билер сотынан алмағанда, қайдан аламыз?! Бұрынғы билердің әдебі мен дәстүрі кімнен кем еді?! Қазақтың кемеңгер заңгерлерінің бірі Салық Зиманов бір сөзінде: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне - алтын бетіне және болашақта жалпы өркениеттің мұрасына айналар деген үмітім бар... Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқықтық жүйелерінің ішінен лайықты орын алатындығына сеніммен қараймын», - деген еді.

Өткен жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығының кеңінен атап өтілуі мемлекеттілігіміздің тарихи тамырының бастауларына байыпты барлау жасауға мүмкіндік берді. Осыған сүйенсек, қазақ елі судьяларының әдебі де негізгі бастауын ұлттық құндылықтардан алып, өркениет дәстүрлерімен сабақтастырылғаны жөн.

Кейбір елдер өздерінің құқықтық бастауларын арнайы институт ретінде зерттеп келеді. Мысалы, Ресейде Рим құқығын, Қытайда Конфуций ілімдерін зерттейтін арнайы ғылыми орталықтар бар. Егер құқықтық қайнарымызды билер дәстүрінен бастар болсақ, біз де осындай ғылыми негіз жасауымыз керек. Оған лайықты негіз де бар. Мәселен, Мемлекет басшысының 2016 жылғы 16 ақпандағы Жарлығымен Сот төрелігі институты Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясы болып қайта құрылды. Сот жүйесіне кадрлар даярлайтын академияның Жоғарғы сот қарамағына берілуі сот қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процестерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ендігі жерде осы оқу орнының жанынан билер сотын зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құрған жөн.
Әрине, қазіргі қоғам мен билер заманын салыстыруға болмайды. Құндылықтар өзгеріп жатыр. Ата-бабаның қиялына да енбеген ғарыш заманының ғаламаттарында шек жоқ. Сонда да қазақ халқы, оның тілі мен ділі, дәстүрі, ұлттық ерекшеліктері орнында. Қазақ халқының менталитеті Ұлы даланы мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың сан алуан салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәдениетінің діңгегіне айналып отыр. Ғасырлар бойы қалыптасып, заманына қарай жаңарған саф алтындай ұлттық құндылықтар ел іргесі бекіген сайын тот баспайтын ақ алмастай жарқылдап, ұлттық ерекшелігімізді нұрландыра түсті. Бұл да - дала дәстүрлерінің өміршеңдігінің, рухының асқақтығының көрінісі.

Заманында қазақтың данагөй билері халқының амандығы мен тыныштығы, ел бірлігі жолында әділдік үшін басын бәйгеге тіккен. Әйгілі Әйтеке би: «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі», - деген екен. Данышпан Абай: «Би төрттің құлы - адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік», дейді.

Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руына би болған Бұлан би қартайған шағында батасын Сырымға беріп, билік тұғырына көтерілген жас би тана Малайсары биден бата сұрай барғанда: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал! Одан кейін бір ақылым: Жақынды жаралама, алысты қаралама!» деген екен.

Бүгінде билер дәстүрінің мұрагерлері еліміздің сот жүйесі, қала берді судьялар қауымдастығы екендігіне ешкімнің дауы жоқ.
Қазіргі өркениетті қоғамда судьялардың қоғамдағы орыны мен маңызын, абырой-беделін ендігі жерде сол билер шыққан биіктен көрсете алғанға не жетсін!