Жаңа экономикалық саясат жұмысшылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік туғызып отыр - Талғат Арыстанов

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бүгінде Қызылорда облысы бойынша көмірсутекті шикізаттарды өңдеумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын.
None
None

2000 жылы құрылған зауыт 2008 жылы шикізатты өңдеуге арналған құрылғы ала отырып, мықты өндірістік базаға айналды. Зауыт жылына 100 000 тонна мазут, бензин мен дизель отынын өндірсе, алдағы уақытта оны 400 000 тоннаға дейін жеткізуді көздеуде. Ол үшін кәсіпорынның жоспары аймақтың индустрияландыру картасына енгізіліп, қазір инвестициялау мәселесін шешу шаралары жүргізілуде.

Кәсіпорын мұнай өнімдерін, соның ішінде мазутты Балтық жағалауы елдері мен Еуропаға экспорттаумен айналысады. Мәселен, 2012 жылы 21 мың тонна өнім, жалпы өнімнің 83 пайызы, 2014 жылы 16 мың тоннадан астам, жалпы өнімнің 53 пайызы жөнелтілді, биылғы жылдың өзінде 2,6 мың тоннадан астам мазут елімізден тыс аймаққа экспортталды. Тауарды сату доллар арқылы жүргізіледі.

Бұл жөнінде кәсіпорынның техникалық директоры Талғат Арыстанов: «Қазіргі таңда теңгенің долларға шаққандағы құнының төмендеуіне орай кәсіпорындардың табысы артпақ. Соның арқасында жұмысшылардың жалақысын көтеруге, сондай-ақ олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндігіміз бар», - дейді.

Айта кету керек, «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС биыл Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақстанның үздік тауары - 2015» өңірлік көрме-байқауына қатысып, "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Кәсіпорын бүгінде жыл соңында болатын республикалық көрме-байқауға дайындықты бастап та кетті.

Соңғы жаңалықтар