Жаңа хаттама: бөгде ғаламшардан белгі келсе, алдымен не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық астронавтика академиясы (IAA) 2010 жылдан бері алғаш рет SETI бағдарламасының ықтимал бөгде ғаламшар өркениетінің белгілері анықталған жағдайда қолданылатын іс-қимыл хаттамаларын жаңартты. Бұл туралы аталған академияның сайтында хабарланды.

Жаңа хаттама: бөгде ғаламшардан белгі келсе, алдымен не істеу керек
Фото: СhatGPT иллюстрациясы

Өзгерістер дипфейктердің, жалған ақпараттың және расталмаған мәлімдемелердің көбеюіне байланысты енгізілді. IAA сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, ғалымдар анықталған сигнал немесе өзге де нысан тәуелсіз тексеруден өтпейінше, ықтимал байланыс туралы жария мәлімдеме жасамауға тиіс.

Жаңа ережеге сәйкес, мұндай мәліметті басқа зерттеу топтары өздерінің жеке жабдықтарын пайдаланып растауы және қосымша өзге обсерваторияда тексеруі қажет. Сонымен қатар бастапқы ғылыми деректердің барлығы ғылыми қауымдастыққа талдау жасап, сараптамадан өткізу үшін ұсынылуы қажет.

Жаңартылған хаттамалар ықтимал бөгде өркениетке жауап беру тәртібін де өзгертеді. Бұдан былай жекелеген зерттеушілер өз бетінше хабарлама жіберу туралы шешім қабылдай алмайды. Мұндай мәселе БҰҰ аясында халықаралық деңгейде талқыланып, бүкіл адамзаттың атынан қабылданатын шешім ретінде қарастырылуы керек.

Құжат авторлары ғалымдарды асығыс сенсациялық қорытынды жасаудан бас тартуға шақырып, астроном Карл Саганның «ерекше мәлімдемелер ерекше дәлелдерді талап етеді» деген қағидатын ұстануға үндеді.

Сарапшылардың пікірінше, хаттамаларды жаңарту расталмаған ғылыми деректерге байланысты жалған ақпарат пен негізсіз сенсациялардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, NASA орбиталық телескопты Жерге құлаудан құтқару үшін робот ұшыратын болды.

Ал астрономдар «тым үлпілдек» ғаламшарларды анықтады.