Жаңа көкөніс қоймалары Қазақстан нарығына қалай әсер етті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда заманауи көкөніс қоймаларының жетіспеушілігі ұзақ уақыт бойы маусымдық көкөніс тапшылығы мен бағаның күрт құбылуы себептерінің бірі еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елде көкөніс сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып, олардың сақтау қуаты есептік қажеттілік деңгейіне жеткізілді. Инфрақұрылымның дамуы азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықтағы ахуалға қалай ықпал еткенін Kazinform сарапшысы талдап көрді.
Децифиттен профицитке дейін
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын заманауи қоймалардың жетіспеушілігі коронавирус пандемиясы кезінде ерекше байқалды. Халықаралық сауда мен логистикалық тізбектердің бұзылуы талай елдің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірді.
2020-2021 жылдың қысында жеткілікті азық-түлік қоры мен заманауи сақтау инфрақұрылымы жоқ мемлекеттердің қаншалықты осал екені айқын көрінді. Пандемия азық-түлік тәуелсіздігі дегеннің сыртқы жеткізілімдерге тәуелді болмай, ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз ете алу екенін көрсетті.
Қазақстанда сақтау қоймаларының жетіспеушілігі мен олардың едәуір бөлігінің тозуына байланысты жыл сайын жиналған өнімнің 40 пайызға дейіні, яғни шамамен 3,5 миллион тоннасы бүлініп отырған. Елде жыл сайын 8 млн тоннадан астам көкөніс пен картоп өндірілгенімен, сол кезеңде көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы небәрі 1,7 млн тоннаны құрады. Соның салдарынан нарықта маусымдық баға күрт құбылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер едәуір шығынға ұшырады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен сақтау инфрақұрылымын дамытуға арналған ауқымды бағдарлама іске қосылды. Қолданыстағы қоймаларға түгендеу жүргізілгеннен кейін Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың кешенді жоспарын бекітті. Сол құжат аясында жаңа нысандардың құрылысын жүргізуге жұмсалған шығындардың едәуір бөлігін өтеуді қоса алғанда, мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шаралары қарастырылды.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде жалпы сақтау сыйымдылығы 946,4 мың тоннаны құрайтын 132 жеміс-көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Бұл бастапқы жоспардан да жоғары көрсеткіш. Атап айтқанда, 2025 жылы жоспарланған 236,3 мың тоннаның орнына 286,7 мың тонна жаңа сақтау қуаты іске қосылып, жоспар 121 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 2,557 миллион тоннаны құрайтын 942 жеміс-көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Ең ірі сақтау қоймалары Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстарында шоғырланған. Бұл өңірлер дәстүрлі түрде картоп, көкөніс және жеміс-жидек өндірісінің көшбасында тұр.
Министрліктің бағалауынша, маусымаралық кезеңде ішкі нарықты жеміс-көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін елге шамамен 2,5 млн тонна сақтау қуаты қажет. Осылайша, қазіргі сақтау инфрақұрылымы жалпы есептік қажеттілікке сай келеді.
Дегенмен қажетті сақтау көлеміне қол жеткізу бағаның автоматты түрде тұрақтанатынын білдірмейді. Нарықты үздіксіз қамтамасыз етуде қоймалардың сыйымдылығымен қатар олардың техникалық жарақтандырылуы, мамандануы, өнімді өткізу жүйесінің тиімділігі және жеткізу логистикасы да шешуші рөл атқарады. Сондықтан құрылыс бағдарламасы аяқталғаннан кейін қоймалар санын көбейтуге емес, олардың тиімді пайдаланылуына және нарыққа нақты әсеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қолданыстағы бағдарламаның негізгі мақсатты көрсеткіштері орындалғандықтан 2030 жылға дейін көкөніс қоймаларын салуға арналған жеке кешенді жоспар жасалмайды. Соған қарамастан, салаға инвестиция тартуда мемлекеттік қолдау жалғасады.
Қазіргі таңда шаруагерлер «Сыйымдылығы 1 000 тоннадан басталатын картоп-көкөніс қоймаларын салу және кеңейту» жобасы аясында құрылысқа жұмсалған шығынның 40-50 пайызына дейін инвестициялық субсидия ала алады.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы да қолдау тетіктерінің бірі болып қала бермек. Осы бағдарлама аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы инвесторларға көкөніс қоймаларын салуға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Несиелер жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Қоймалардың бәрі бірдей емес
Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалхановтың айтуынша, елімізде көкөніс өнімдерін сақтау мәселесі соңғы жылдары айтарлықтай реттелген. Десе де бұл жағдайды тек қоймалардың жалпы сақтау сыйымдылығына қарап бағалау дұрыс емес.
— Өткен жылы Қазақстанда шамамен 3 млн тонна картоп өндірілді. Көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы да осы көлемге жуықтайды. Бір қарағанда көрсеткіштер мінсіз көрінеді. Алайда тереңіне бойласақ қоймалардың техникалық жарақтандырылуы мен мақсаттық бағыты әр түрлі екенін байқаймыз, — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, заманауи көкөніс қоймаларының бір бөлігі ішкі нарықты жаңа өніммен қамтамасыз етуге емес, картоптан фри, чипсы және қосылған құны жоғары өзге де өнімдерді шығаратын қайта өңдеу кәсіпорындарының қажеттілігіне бейімделген. Сондықтан қоймалардың жалпы сақтау көлемі маусымаралық кезеңде елдің көкөніске деген нақты сұранысын қамтамасыз ету мүмкіндігін толық көрсете бермейді.
Байжан Уалхановтың пікірінше, заманауи қоймалар жеткілікті болғанның өзінде жаз айларында импорттан толық бас тарту мүмкін емес әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
— Қазақстан бірнеше климаттық белдеуде орналасқан. Былтырғы картоп жазға қарай өзінің сапасы мен дәмдік қасиетін біртіндеп жоғалтады. Осы кезеңде нарыққа еліміздің оңтүстік өңірлерінен және көрші мемлекеттерден әкелінетін жаңа қазылған картоп түседі. Оған сұраныс әрдайым жоғары. Сондықтан мұнымен күресудің қажеті жоқ. Ал картопты жаз бойы сақтау үшін салқындату жүйесі мен арнайы газ ортасы қажет. Бізде электр энергиясының бағасы жоғары болғандықтан, осындай өнімнің өзіндік құны да айтарлықтай қымбатқа түседі, — дейді Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы.
Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың келесі кезеңі жаңа қоймалар салудан гөрі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға, отандық тұқым шаруашылығын жетілдіруге, импорт пен экспорт ағындарын бақылау жүйесін тиімді қылуға бағытталуы тиіс.
Сақтау қуаттары бағаға қалай әсер етті
Елде көкөніс сақтау қуаттарына деген жалпы қажеттілік қамтамасыз етілгенімен, маусымдық баға ауытқуын толық жою әзірге мүмкін болмай тұр. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, заманауи жеміс-көкөніс қоймалары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік болғанымен, олар бағаның толық тұрақтылығына кепіл бола алмайды.
Маусымаралық кезеңде нарықтағы жағдайға бір мезгілде бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында өткен жылғы өнім қорының сарқылуы, жаңа өнім түскенге дейін ұсыныстың азаюы, ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдық сипаты, жиналған өнім көлемі, ауа райы жағдайы, әлемдік нарықтағы ахуал, валюта бағамының өзгеруі, сақтау мен тасымалдау шығындарының өсуі бар.
Соған қарамастан жаңа заманауи қоймалардың іске қосылуы нақты нәтиже берді. Олар ауыл шаруашылығы өнімдері ысырабын азайтуға, сақтау мерзімін ұзартуға және көкөніс өнімдерінің нарыққа біркелкі жеткізілуіне мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде маусымаралық кезеңде бағаға түсетін қысым біршама төмендеді.
Осылайша, сақтау инфрақұрылымын дамыту ішкі нарықты тұрақтандыруға ықпал еткен маңызды факторлардың біріне айналды. Алайда баға динамикасы әлі де өнім көлеміне, ауа райына, импорттық жеткізілімдерге, логистика мен сақтау шығындарына, әлемдік нарықтағы жағдайға тікелей тәуелді.
— Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2026 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 101,9 пайызды құрады. Сонымен қатар осы санаттағы тауарлар бағасының өсу қарқыны төрт еседен астам төмендеп, 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 7,6 пайыздың орнына 1,9 пайызды құрады, — деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалхатына берген жауабында.
Фермерлер не дейді
Сала өкілдерінің бағалауы мемлекеттік органдардың қорытындыларымен үндес. Олардың пікірінше, жаңа көкөніс қоймалары нарықтағы жағдайды едәуір жақсартқанымен, маусымдық баға құбылмалылығы мәселесін толық шешкен жоқ.
Қарағанды облысының агрокәсіпкері Александр Матвиенконың айтуынша, бүгінде көкөніс қоймалары қарқынды салынып жатыр. Бұған ең алдымен мемлекеттік қолдау оң ықпал етті.
— Қазір көкөніс қоймасын салу расыменде тиімді. Егер нысан тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталса, мемлекет құрылыс шығындарының 50 пайызын, ал ондай жабдық болмаса 40 пайызын субсидиялайды. 2021 жылдан бері Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы құрылыс жұмыстары қарқынды. Жобалардың көлемі әр шаруашылықтың мүмкіндігіне байланысты. Мәселен, біз қазір үш көкөніс қоймасын салып жатырмыз: екеуі 6,5 мың тоннаға, біреуі 22 мың тоннаға арналған, — дейді фермер.
Оның айтуынша, заманауи қоймалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Егер картоп жиналғаннан кейін бірден сатылмай, қыс мезгіліне дейін сақталса, табыс 30-40 пайызға, ал кей жылдары одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
Сондай-ақ шағын шаруашылықтардың басым бөлігі әлі де өнімді қымбат инфрақұрылымға инвестиция салмай-ақ, «егістік басынан» сатуды жөн көреді.
— Олар бұрыннан қалыптасқан тәсілмен жұмыс істеуге үйренген. Дегенмен өнімді қысқа дейін сақтаса, әлдеқайда көп табыс табуға болатынын жақсы түсінеді, — дейді Александр Матвиенко.
Фермердің айтуынша, ең заманауи көкөніс қоймаларының өзі маусымдық баға ауытқуын толық жоя алмайды. Оның пікірінше, нарықты тұрақтандыруда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылатын форвардтық сатып алу тетігі маңызды рөл атқарады. ӘКК көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру ұсынып, оның орнына болашақ өнімнің белгілі бір бөлігін белгіленген бағамен жеткізу туралы келісімшарт жасайды. Кейін шаруагерлер бірнеше ай бойы, әдетте мамыр айына дейін, өнімді кезең-кезеңімен жеткізу арқылы міндеттемелерін орындайды. Соның арқасында ішкі нарық жаздың басына дейін негізінен отандық көкөніспен қамтамасыз етіледі. Ал одан кейін импорттық өнімдердің үлесі біртіндеп арта бастайды.
— Күн жылынған соң өнімді тоңазытқыш қоймаларға ауыстыруға тура келеді. Бұл электр энергиясына кететін қосымша шығынды көбейтеді. Сақтау шығынын өтеу үшін картоптың келісі кемінде 200-250 теңгеден сатылуы тиіс. Сондықтан өндірушілердің көбісі қордағы өнімін маусым айына дейін өткізуге тырысады. Жазда нарықтағы отандық картоп көлемі айтарлықтай азайып, оның орнын біртіндеп Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан әкелінетін өнім басады. Ірі қалалардың маңындағы қоймалардан аз көлемде картоп жеткізілетін жағдайлар бар, бірақ бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз, — дейді Александр Матвиенко.
Осыған ұқсас пікірді тәуелсіз сарапшылар да білдіріп отыр. Олардың айтуынша, сақтау қуаттарының артуы нарыққа оң әсерін тигізе бастады.
Сарапшы Кирилл Павлов жаңа көкөніс қоймаларының салынуы кейбір өнім түрлері бойынша маусымдық баға құбылуын бәсеңдеткен негізгі факторлардың бірі болғанын айтты.
— Биыл көктемде картоп бағасы алдыңғы жылдардағыдай күрт қымбаттаған жоқ. Бұған жаңа қоймалардың пайдалануға берілуі өз әсерін тигізгені сөзсіз. Сауда желілері жұмысындағы өзгерістерді де ескерген жөн. Бұрын олар импорттық өнімдердің басымдығын тұтынушылардың талғамымен түсіндіретін. Қазір бұл жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Импортты отандық өніммен алмастыруға мүмкіндік бар жерде оны барынша тиімді пайдалану қажет, — дейді ол.
Кирилл Павлов сақтау инфрақұрылымын дамыту агроазық-түлік нарығындағы барлық мәселені толық шешпейтінін атап өтті.
— Картоп пен сәбізге қатысты жағдай расында да айтарлықтай жақсарды. Алайда тез бұзылатын жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау мен тасымалдауға қатысты мәселелер әлі де өзекті болып қала береді, — дейді сарапшы.
Саланы дамытудағы келесі қадам
Соңғы жылдары Қазақстанда заманауи сақтау қоймаларының тапшылығы түйткілінің түйіні тарқатылды. Бірнеше жыл бұрын бұл мәселе елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген негізгі тәуекелдердің бірі саналған еді. Алайда жүргізілген талдау көкөніс қоймаларын салу саланы жаңғыртудың алғашқы кезеңі ғана болғанын көрсетеді.
Ендігі негізгі міндет — сақтау инфрақұрылымын ұлғайту емес, тұқым шаруашылығынан бастап өнім өндіру, сақтау, қайта өңдеу, логистика және нарықты реттеуге дейінгі бүкіл өндірістік-өткізу тізбегінің тиімділігін арттыру.
Дәл бұл бағыттардың өзара үйлесімді әрі тиімді болуы құрылған жүйенің тек өнімді сақтап қалуға емес, ішкі нарықты жыл бойы отандық өніммен тұрақты қамтамасыз етуге және тұтынушылар үшін бағаның барынша тұрақты әрі болжамды болуына мүмкіндік береді.
Еске салсақ, осыған дейін жаз мезгілінде көкөністен уланып қалмау үшін не істеу керектігі жайында жазғанбыз.