Жаңа Конституция қоғам сұранысына сай жаңарды – Ерлан Қарин

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасы – уақыт талабына сай жаңарған қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын құжат. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сарапшылар алаңында айтты.

а
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Конституция – жай ғана жоғары заңдық құжат емес, ол – қоғамдық келісімнің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жоба ұлттық болмысымыз бен негізгі мәселелер бойынша табиғи түрде қалыптасқан қоғамдық келісімді айқынырақ бейнелейді. Қолданыстағы Конституция қабылданғанына отыз жыл өтті. Осы уақыт ішінде қоғам да, адамдардың үміті мен талап-тілегі де жаңарды. Бүгінгі қоғам өзекті мәселелерге өзгеше, тіпті бұрынғыдан да өткір қарайды, – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші жаңа жобада экология мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.

– Жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғау мен экология мәселелері бірқатар баптарда нақты бекітілген. 1990 жылдары мұндай күн тәртібі іс жүзінде болған жоқ. Әлеуметтану зерттеулерінің нәтижесі экологиялық тақырып азаматтар үшін конституциялық жаңашылдықтар арасында өзекті мәселеге айналғанын көрсетті. Қоғамдық талқылауларда да бұл мәселе алдыңғы қатардан көрініп, жұртшылық негізгі заңда табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидаттарын және экологиялық мәдениетті дамыту ұстанымдарын бекітудің маңызын атап өтті.

Демек, экологиялық бағыт қоғамдық санада құндылық деңгейіне көтерілді, – деді ол.

Сондай-ақ жоба мәтінінде дәстүрлі құндылықтарды қорғау мәселесі күшейтілген.

– Біршама уақыт бұрын бұл тақырып қоғам назарында болмаса, бүгінде ол айрықша маңызға ие. Нәтижесінде Конституция мәтінінде нақты бекітілді, – деді спикер.

Жаңа редакцияда әйелдердің құқықтарын қорғау мен ерлі-зайыптылардың теңдігіне де басымдық берілген.

– Соңғы жылдары қоғамда әйелдердің тең құқықғы мен оның сақталуы мәселесі белсенді талқыланып келеді. Осыған байланысты Конституция жобасында әйелдердің құқықтарын қорғау және некедегі ерлі-зайыптылардың теңдігін қамтамасыз ету нормалары бекітілді, – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша қоғам тарапынан мемлекеттің зайырлы сипатын нақты әрі айқын түрде айқындау туралы сұраныстар да көптеп түскен. 

– Бұл қағидаттың айқын екеніне қарамастан, азаматтар мемлекеттің зайырлылығын Конституцияда ашық әрі нақты бекітілуін қалады. Жаңа жобада бұл тек декларативті деңгейде ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да нақтыланған. Яғни, діни-рухани ұйымдарды қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы сипатта екені арнайы көрсетілген. Сонымен қатар, бұл қағидалар құжаттың өзге баптарында да дамытылып, нақтылана түсті, - дейді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Абай облысының әкімі Берік Уәли бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда талқыланбағанын айтты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум