Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа Конституция саяси партиялардың жауапкершілігін күшейтеді – Айбек Дәдебай

АСТАНА. KAZINFORM – «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жаңа Ата заң нормаларының саяси партияларға әсері жөнінде, сондай-ақ, «Әділет» партиясының мақсат-міндеттері жайында мәлімдеме жасады.

в
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Аталған партияның Астанада өткен кезектен тыс III съезінде ол ең алдымен жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды.

– Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциялық дәуірге қадам басты. Бұл Конституция мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа, тәуелсіз Қазақстан дамуының өзгеше дәуірін айқындаған тарихи таңдауға айналды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді үйлесімді негізде қайта орнықтырып, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне және жауапты мемлекеттік басқаруға сүйенетін тың саяси жүйенің негізін қалады, – деді Айбек Дәдебай.

у
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, жаңа Ата заңдағы нормалар саяси партиялардың да жауапкершілігін күшейтті.

– Конституция біздің береке-бірлік пен ортақ мүддеге ұйыған, бейбіт жолды қалайтын, адам мен оның өмірін ең қымбат құндылық санайтын, өркениетке ұмтылған мемлекет болатынымызды анықтап берді. Ендігі басты міндет – жаңа Конституцияның алтын өзегі болып отырған осы қағидаларды күнделікті өмірдің өмір салтына айналдыру. Әділетті сот, тиімді мемлекет, адал экономика, жауапты азаматтық қоғам, еңбек пен білім жоғары бағаланатын орта – мұның бәрі Конституцияның өмірдегі көрінісі болуы тиіс. Осы тарихи өзгерістердің табысты жүзеге асуы саяси партиялардың да жаңа жауапкершілігін талап етеді. «Әділет» партиясы міне, осы тарихи міндетті жүзеге асыратын саяси күштердің бірі ғана емес, бірегейі болатындығына біз кәміл сенеміз, – деді «Әділет» партиясының төрағасы.

к
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның мәлімдеуінше, партия болмысын ұрандар емес, іс-қимыл жоспарын қамтитын бағдарламасы айқындайды.

– Бүгін біз Қазақстанның алдағы 5 жылдық келешегінің келбетін сипаттаған сайлауалды бағдарламамызды қабылдадық. Біз үшін партияның бұл тұжырымдамалық құжаты – әсте жалаң уәделер емес. Бұл – жаңа кезеңде іске асатын жұмыстың ауқымын, сапасы мен сипатын анықтайтын кешенді іс-қимыл жоспары. Билікке ұмтылған кез келген саяси күш, ең алдымен, «Біз елді қайда бастаймыз және оған қалай жетеміз?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Бүгін ұсынылып, сіздер қолдаған бағдарлама дәл осы сұрақтарға толық жауап береді деп санаймыз, – деді Айбек Дәдебай.

в
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, партия бағдарламасы нақты нәтижеге бағытталған.

– Орта бизнестің үлесін арттыру, бір миллион сапалы жұмыс орнын құру, тұрғын үймен қамтуды ұлғайту, сапалы білім мен денсаулық сақтауды қолжетімді ету, өмір сүру ұзақтығын арттыру, жасанды интеллект дағдыларын миллиондаған азаматқа үйрету сияқты күнделікті өмірмен өлшенетін міндеттер қойылды. Өмірмен өлшенген мақсат – орындалатын міндеттің ең басты алғышарты, берік тұғыры. Сонымен бірге, бұл бағдарлама мемлекеттің азаматқа не беретіндігі туралы ғана емес. Бұл – қоғамның да жауапкершілігін анықтайтын құжат. Әділ мемлекет әділетті қоғамсыз құрылмайды. Заңға бағынатын азаматсыз заң үстемдігі орнай алмайды. Еңбекқор адамсыз қуатты экономика қалыптаспайды. Білімге ұмтылмаған қоғам инновациялық мемлекетке айналмайды. Өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарамаған халықтың ертеңі баянды болуы екіталай. Сондықтан біз қабылдаған бағдарламаның түпкі идеясы – мемлекет пен қоғам және жеке азаматтың жаңа үйлесімді серіктестігі, – деді партия төрағасы.

к
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауына «Әділет» партиясынан қатысатын 186 кандидаттың толық тізімін жариялағанбыз.