Жаңа Конституцияда дала демократиясының қағидаттары көрініс тапқан — Марат Бәшімов
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жаңа Конституцияның мазмұны ғана емес, оны құқықтық қолдану тәжірибесі де талқыланды. Дөңгелек үстел ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.
Жиынға заңгерлер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері және Әділет министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Сарапшылардың пікірінше, Конституцияны білу бір бөлек, оны заңға сай өмірде қолдану бір бөлек. Осы мақсатта бас қосқан мамандар Ата заң нормаларының іс жүзінде жүзеге асырылу тетіктерін талқылады.
— Конституцияның қолданылуы көп нәрсеге байланысты. Бұл — құқық қорғау органдарының, әкімдіктердің және азаматтардың өз құқықтарын біліп, оны қолдану процесі. Сондықтан басты мәселе — құқықтық нормалардың тәжірибеде дұрыс жүзеге асыру. Ол үшін нақты бағыт-бағдар қажет. Осы мақсатта заңгерлер арнайы бас қосып, Конституция нормаларын қолдану тетіктерін талқыладық. Біздің міндетіміз — Ата заңның баянды, халыққа жақын болуына ықпал ететін құқықтық тәжірибені қалыптастыру, — деді Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
Оның айтуынша, кез келген заңның тиімділігі оны қабылдануымен емес, іс жүзінде дұрыс қолданылуымен бағаланады.
— Қандай заң болмасын, оны қабылдағаннан кейін дұрыс қолдану маңызды. Егер заң талаптары іс жүзінде дұрыс орындалмаса, оның халыққа да, экономикаға да берер пайдасы аз болады. Сондықтан заң нақты болуы керек және оны орындау барысында Конституция талаптарынан аспай, біреудің құқығын бұзбау қажет, — деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов өз сөзінде қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дала демократиясының қағидаттары жаңа Конституцияда да көрініс тапқанын атап өтті.
— Ата заңның преамбуласында қазақ халқының мыңжылдық тарихы, дала құқығы мен құқықтық дәстүрлері сабақтастығы айқын көрсетілген. Бұл — тәуелсіздікке, егемендікке, ел тағдырына жауапкершілік және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары. Қазақ қоғамының құқықтық тарихында өзіндік ерекшеліктер бар. Мәселен, қазақ даласында өлім жазасы ешқашан қолданылмаған. Бұл — тарихи тұрғыдан маңызды құқықтық құбылыс. Сондықтан дала демократиясы, құқықтық дәстүр және мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы — маңызды мәселелердің бірі, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада «Конституция — азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы» тақырыбында облыстық форум өткенін жазғанбыз.