Жаңа мектептер, стипендияның артуы, ғалымдарға баспана – Білім-ғылым саласындағы маңызды жетістіктер

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстанда білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Жаңа мектептер салынып, ескі ғимараттар жаңғыртылды. Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда топ жарды. Шетелдік ЖОО филиалдары ашылып, алыс-жақын елдерден келіп оқитын студенттер саны артты. Ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайып, жас ғалымдар баспанамен қамтылды. Бұл өзгерістер елдің адами капиталын дамытуға негіз қалап отыр.

ЖОО оқу студент білім ғылым
Коллаж: Kazinform / Freepik

Президент бастамасымен 217 мектеп салынып жатыр

Биыл Президент бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы табысты жүзеге асырылды. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 460,4 мың орындық 217 жаңа форматты мектеп салынып жатыр. Бұл жоба арқылы 69 үш ауысымды, 22 апаттық мектептер және 100-ден астам мектепте орын тапшылығы мәселесі шешімін тапқан.

мектеп құрылысы
Фото: Валерий Бугаев

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жалпы 2025 жылы 214 мың оқушы орнына арналған 141 мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, 140 мектеп реновациядан өтті, бұл мектептердің 60 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Сондай-ақ, мыңнан астам ауыл мектебі модернизациядан өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

Осылайша биыл жалпы саны 1,2 млн-ға жуық оқушы үшін білім беру ортасы жақсартылған. Соңғы жылдардағы инфрақұрылым қарқыны үш ауысымды мектептер санын 4 есе, апатты мектептерді 2,5 есе, орын тапшылығын 4 есе қысқартуға мүмкіндік берген.

Әлемдік олимпиадалардағы тарихи жетістіктер

2025 жылдың қорытындысы бойынша, 1657 қазақстандық оқушы 36 халықаралық пәндік олипиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, 992 медаль иеленген. Қатысушылардың 60% үздік нәтиже көрсетті, яғни әрбір екінші оқушы елге жүлдемен оралған. Оның ішінде 177 алтын, 329 күміс, 416 қола медаль бар.

Қазақстандық оқушылар KhIMIO2025 халықаралық олимпиадасында 100 пайыз нәтиже көрсетті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2025 жылы 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль иеленіп, (4 алтын, 13 күміс, 10 қола), оларға 94,3 млн теңге берілген. Оларды дайындаған 24 педагогке 7,4 млн теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы берілді. Осы жылдың аса қуанышты жаңалықтарының бірі – Президент пәрменімен халықаралық ғылыми байқаулардың жүлдегерлерін де мемлекеттік ақшалай марапаттау жөнінде заң нормасы болды.

Биыл қазақстандық оқушылар Панамада өткен робототехника чемпионатында әлемнің төрт дүркін чемпионы болып танылды. Халықаралық география пәнінен екінші орын алды, химиядан үш мәрте чемпион атанды, ғылыми физикадан абсолютті чемпион болды, Балқан математикалық олимпиадасында екінші жыл қатарынан үздік үштіктен көрінді.

Шетелдік ЖОО филиалдары

Қазақстан шетелге шикізат қана емес, жоғары білім экспорттап, академиялық хабқа айналуды көздеп отыр. Еліміз әлемнің 40 университетімен серіктес болып, шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалын ашып үлгерді. Алдағы 4 жылда Қазақстанда оқитын шетелдік студенттер саны 100 мыңға жетіп, триллиондаған теңге табыс түспек.

университет
Фото: видеодан алынған скрин

Іргетасы осыдан 150 жыл бұрын қаланған Кардифф университетінің Ұлыбританиядан тыс жерде бірде-бір филиалы болмаған еді. Ал биыл олар ағашқы кампусын Астана қаласында ашты. Сондай-ақ, 180 жылдық тарихы бар Coventry университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті елордада филиалдарын ашты.

Өңірлердегі жоғары оқу орындары да қарап жатқан жоқ. Солтүстік Қазақстандағы Манаш Қозыбаев пен Аризона университеті мамандары бірігіп, күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірледі. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Шотландияның Хериот-Уотт, Ақтауда – Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы және Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде – Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебі ашылды. Қазақстанда қолданбалы инженерияның үздігі саналатын үш Лу Бань шеберханасы құрылды. Атом энергетика саласына маман даярлауға Ресейдің ядролық зерттеу университеті атсалыспақ.

Осылайша, елімізде қазіргі уақытта 32 мың шетелдік студент оқып жүр. Ғылым министрі Саясат Нұрбек оларды «академиялық турист» деп атайды. Оның есебінше 1 шетелдік студент күніне кем дегенде 2-3 рет жергілікті жұрттың қызметіне жүгінеді. Демек, олардың саны жүз мыңға жетсе, ел қазынасына триллиондаған теңге пайда түсер еді.

Қазақстан дипломы тағы 12 мемлекетте мойындалатын болды

Қазақстан жақында Токио конвенциясына қосылды. Бұл Азия Тынық мұхиты аймағына кіретін 12 мемлекетпен өзара білім алмасуға мүмкіндік беретін құжат. Демек, Қазақстанда алған дипломдарды әлем мойындайды деген сөз. Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Жапония, Қытай, Корея, Түркия және басқа елдер бар. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Конвенцияны ратификациялау жұмысын бастады.

Дипломы получили первые выпускники Международной школы журналистики
Фото: MNU

– Бұл процедура қалай жүргізіледі? Біздің ұлттық орталығымыз бар. Кез келген Қытай азаматы Қазақстанға келді оқыды делік. Отанына қайтқанда Қытай үкіметі дипломның түпнұсқа екенін айғақтауды сұрайды. Осы конвенция арқылы Қытайдың ұлттық орталығы мен біздің ұлттық орталық бір жүйеге қосылады. Бірден ақпарат алмасады да диплом расталады, – деді сала министрі Саясат Нұрбек.

Халықаралық білім кеңістігіне жол ашатын тағы бір құжатқа Вашингтонда қол қойылды. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда ETS деп аталатын дүниежүзіндегі ең мықты тест жасайтын компаниямен үзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылған. Соның негізінде тұтас ҰБТ жүйесіне реформа жасалуы мүмкін.

– ҰБТ форматы бір жылда өзгеріп кетпейді. Келер 2026 жылы ешбір өзгеріс болмайды. Жаңа тестті жасақтаудың өзі 1-2 жыл уақыт алады. Біздің мақсатымыз — ҰБТ-мен қатар халықаралық тест жасап, Қазақстанға енгізу. Яғни біздің талапкерлерде таңдау болады: ҰБТ тапсырып, қазақстандық отандық университетке түсе алады немесе жаңа тестті тапсыру арқылы Қазақстанда ашылған шетелдік 40 филиалға және кез келген шетелдік университетке түсу мүмкіндігі болады, – деді Саясат Нұрбек.

«Болашақ» бағдарламасымен 1,2 мың қазақстандық оқып жүр

«Болашақ» бағдарламасы аясында 2025 жылы 202 адам оқуын аяқтады. Оның ішінде 48,5 пайызы тағылымдама бағдарламасы, 46,5 пайызы – магистратура, 5 пайызы докторантураны аяқтады.

“Болашақ” дастурининг 30 йиллик натижалари қандай
Коллаж: Kazinform/ Pixabay/ Freepik/ DALL-E

Жалпы алғанда «Болашақ» халықаралық стипендиясымен қазір 1,2 мыңнан астам стипендиат білім алып ж.р. Оның ішінде 75,5 пайызы – магистратурада, 12,4 пайызы – тағылымдамада, 12,1 пайызы – докторантурада. Бүгінде 202 түлектің 178-і еңбекпен өтеу мониторингінде, 8 түлек – еңбекпен өтеу бойынша (оқуға, бала күтіміне және т.б. байланысты) шарттық міндеттемелерді орындауды кейінге қалдырды, сондай-ақ 16 түлек жұмысқа орналасу кезеңінде тұр.

Сонымен бірге, 2026 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеу ережелері өзгереді. Енді конкурс кезең-кезеңімен іріктеу тетігі арқылы өтеді. Бірінші турда шекті балл жинаған үміткерлер ғана екінші кезеңге жіберіледі. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар енгізілді. Шәкіртақы иегерлері тек QS University Rankings by Subject халықаралық академиялық рейтингінің топ-100 қатарына кіретін оқу орындарында білім ала алады.

Сонымен қатар тағы бір өзгеріс — бағдарлама түлектеріне еңбекпен өтеуді БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және өзге де халықаралық әрі өңірлік ұйымдарда өтуге рұқсат етіледі. Үміткерлерге конкурсқа қайта қатысу құқығы берілді. Орыс тілі мемлекеттік немесе ресми тіл болып саналмайтын елдерде орыс тілінде оқу немесе тағылымдамадан өту мүмкіндігі алынып тасталды. Бұдан бөлек, жаратылыстану-техникалық бағытқа басымдық беру нақты бекітілді. Бұл бағыттағы стипендиялардың үлесі енді кемінде 60 пайыз болуы тиіс.

Студенттер стипендиясы ұлғайды

2025 жылы елде 122 жоғары оқу орны жұмыс істеді, онда 724,1 мың студент, оның ішінде шамамен 299 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқып жүр. Оқыту жүйесінде 45,5 мың оқытушы қызмет етеді. Студенттік контингенттің өсуі демографиялық тенденциялар мен жоғары білімге тұрақты қоғамдық сұраныспен байланысты болып отыр.

стипендия
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ал 2025-2026 оқу жылында 93 мыңнан астам грант бөлінген, сондай-ақ дифференцияланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері енгізіледі.

Сондай-ақ жоғары білім жүйесінің студенттері мен қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы 52 372 теңгеге дейін көтеріліп, 2020 жылғы деңгейден екі есеге артты. Педагогикалық бағыттар бойынша стипендия – 84 мың теңгеге жетті. Магистранттар үшін шәкіртақы 117 098 теңгеге, докторанттар үшін – 262 500 теңгеге өсті. Профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жалақысы 350 мың теңгені, ұлттық университеттерде – 400 мың теңгеге дейін жетті.

Жаңа жатақханалар салынды

2025 жылы жоғары білім инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторларды тарту механизмдері кеңейтілді. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап елде жалпы сыйымдылығы 62 045 орынға 251 студенттік жатақхана пайдалануға берілді, бұл өңірлерде орын тапшылығын жабуға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда 8 757 орындық 26 жатақхана пайдалануға берілген, тағы 1 983 орынға арналған 5 жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Астана қаласында биыл студенттерге арналған 8 жатақхана ашылды.

Жақында желтоқсан айында ҚазҰУ-да 5 жатақхананың құрылысы басталды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында студенттергеарналған 5000 орындық жаңа жатақханалар құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті. Ал Шымкентте қайтарылған активтер есебінен 300 орындық жатақхана салынып жатыр.

Жасанды интеллектіге басымдық берілді

Өткен жылы елімізде жасанды интеллектіні дамыту жеке басымдық ретінде айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен AI-Sana бағдарламасы іске қосылды, оның дайындық кезеңі 650 000 студентті қамтыды, бүгінде 572 мыңнан астам студент оқуды аяқтады.

ЖИ
Фото: publicdomainpictures.net

«Жасанды интеллектіні дамыту – Мемлекет басшысы белгілеған басты бағыт. Біз оны білім беру жүйесінің нақты шешімдеріне айналдырып жатырмыз. ЖОО аралық жасанды интеллект стандарты қабылданды, 38 оқу бағдарламасы қолданбалы ЖИ, деректерді талдау, медицина мен өнеркәсіптегі ЖИ бойынша әзірленді. Магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша ЖИ дамып жатыр, – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.

ЖИ инфрақұрылымы да нығайтылды, соның ішінде SeoulTech-пен бірге Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университетте ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Satbayev University базасында City University of Hong Kong-пен бірге екі дипломдық бағдарламалар іске қосылды. Лу Бань шеберханасында да ЖИ орталықтары мен инженерлік орталықтар, оның ішінде Smart Driving Technologies дамып жатыр.

Ғылымды қолдау артты

Бұл жыл қазақстандық ғылым бәсекеге қабілетті екенін, ал университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ел дамуының зияткерлік тірегіне айналғанын дәлелдеді. Оның бір дәлелі – еліміздің 20 жоғары оқу орнының QS World University Rankings 2026 рейтингіне енуі. Назарбаев университетінің алғаш рет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енуі – тұтас жоғары білім жүйесі үшін маңызды межe болды.

ЖОО оқу студент білім ғылым
Коллаж: Kazinform / Freepik

Ғылым саласында қаржыландыру артты, мәселен, ғылыми қызметкерлердің жалақысы көбейді, ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер кеңейтілді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және эндаумент-фондтар туралы заңдар қабылданып, бюджеттік емес қаражат тарту және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалды.

– Қазіргі таңда 267 ғылыми жоба іске асыру кезеңінде тұр, ал ғылымға тартылған жеке инвестициялар көлемі 20 млрд теңгеден асты. Бұл жүйелі саясаттың, ғылымға деген сенімнің және ұзақмерзімді стратегияның нақты көрінісі, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің жаңажылдық құттықтауында.

Ғылым мен экономиканың арасы бұрынғыдан да жақындай түсті. Жаңа R&D орталықтары ашылып, металлургия мен энергетикадан бастап, жаңа материалдар мен болашақ технологияларға дейінгі қолданбалы әзірлемелер жүзеге асырылуда. Бірқатар ғылыми шешімдердің әлеуеті бүгінде ондаған миллиард доллармен бағалануы - қазақстандық ғылымның мүмкіндігі мен жоғарғы дәрежесінің көрсеткіші.

Сонымен бірге, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 576 жас ғалымға тұрғын үй кілттері табысталды.

Енді 2026 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2029 жылдарға арналған Концепцияны іске асырады. Білімге қолжетімділік, инфрақұрылым, ЖИ-қабілеттерді дамыту, ғылымды коммерцияландыру және цифрландыруға басымдық беруді көздеп отыр.

Бұған дейін 2025 жыл қазақстандықтар үшін қандай оқиғалармен есте қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар