Жаңа министрлік һәм билік құрылымындағы өзгеріс: келешекте не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Жылдағы дәстүр бойынша Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті. Бұл жолы да кей салалардағы кемшіліктермен қатар, билік құрылымындағы өзгерістер, болашаққа негізделген бағыт-бағдар қамтылғанын көрдік. Осы тұста әдеттегідей «былтыр не айтылды, ал биыл қандай өзгешелік бар?» деп сауал қоя аламыз. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Жолдауда айтылған басты тақырыптарды талдап көрді.

Саяси реформалардың қайта өрістеуі
Алдыңғы жылы да, былтыр да Жолдаудың негізгі идеясы экономика тақырыбы болғанын білеміз. Бұл түсінікті де, жаһандық саясаттағы ықпал экономикаға, халықтың әл-ауқатына байланысты екені даусыз. 2023 жылғы Жолдауда өнеркәсіпті дамыту, импортқа сүйенбеу, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру, шикізат секторына тәуелділікті азайту мен логистика саласы айтылған еді. Азаматтарға тең мүмкіндік беретін тұрақты және әділ экономикалық жүйе құру жоспарланған болатын. Бұл қатарда шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту тілге тиек болды.
Былтырғы Жолдау алдыңғысының заңды жалғасындай көрініс тапты. Себебі онда да басымдық экономика саласына ауған. Саяси мәселелерден гөрі экономика, өндірісті дамыту жөнінде көбірек айтылды. Бұның себебі түсінікті де, әлемдегі геосаяси ахуалдарға қарамастан Қазақстан дипломатия арқылы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Елдегі орта бизнестің даму жайы, оның ел экономикасындағы үлесін арттыру, бюджет қаржысын үнемдеу және салық саясатын қайта қарау жайы сөз болған.

Ал биыл саяси реформалар тақырыбы қайта басымдық алғанын байқадық. Әсіресе, ерекше назар аударған екі тақырып бар: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру мен бір палаталы Парламент жүйесіне көшу.
Жасанды интеллект министрлігі қандай қызмет атқарады?
Сонымен, биылғы Жолдаудың елең еткізген тұсы – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру. Бір жағынан бұл бастаманы экономикадағы жаңа бағыт ретінде қарастыруға болады. Мәселен, қазір әлемде жасанды интеллект болашағына қатысты болжамдар көп. Соның бірі – 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 трлн долларға жетіп, жаһандық технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға ұлғаймақ. Былтыр бұл көрсеткіш 279 млрд долларды құрады. Сондықтан жаңа министрлік елді әлемдік тенденциялар көшінен қалмауға үндейді.
Әрине, тақырып аясы бұнымен бітпейді. Өзгерістердің бір тиегі ретінде экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллектінің жаппай енуін болжай аламыз. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бұны қысқаша «Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясы» ретінде суреттеген. Осы мақсат арқылы мемлекет технологиялық тұрғыда дамыған елдердің көшіне ілесуге тиіс.

Айтпақшы, бұл Қазақстанның жасанды интеллектіге көңіл бөле бастаған бірінші кезеңі емес. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында да елде жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытуға негізделген ірі ұлттық орталық құрылатынын мәлімдеген. Енді жаңа министрліктің құрылуы арқылы бұл идея одан әрі өрістемек.
Жасанды интеллект бойынша сарапшы Аршат Ораздың сөзінше, Жасанды инттеллект министрлігінің құрылуы – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар қадам.
– Бұл қадам мемлекеттік басқарудағы ашықтықты арттырып, азаматтарға көрсетілетін қызметтің жылдамдығы мен сапасын жақсартуға жол ашады. Жасанды интеллектіні тиімді қолдану білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, IT индустриясының дамуына серпін жасап, ел ішінде жаңа мамандықтар мен жұмыс орындарын қалыптастырады. Мұндай қадам Қазақстанды аймақтағы технологиялық көшбасшылардың қатарына қоса алады, – дейді маман.

Саяси партиялардың белсенділігі артуы мүмкін
Ендігі тақырып – Қазақстанның парламенттік реформа жүргізіп, бір палаталы парламент құруы. Бұны Мемлекет басшысы Жолдауда айтты.
– Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, парламенттік реформа мәселесі жиырма жылдан астам уақыт бойы ашық та, жабық та айтылып келген. Сондықтан мәселе әлі өзекті саналып отыр. Әйтсе де шешім біржақты қабылданбайды, халықтың талқысына салынып, референдум арқылы шешіледі.

Билік халықпен келісе отырып шешім қабылдау қағидатын бекіте түскенге ұқсайды. Мысалы, 2022-2023 жылғы реформалар мен былтырғы АЭС салу жөніндегі бастамалар да жалпыхалықтық дауысқа салу нәтижесінде анықталған еді.
Дегенмен бұл Парламент Сенаты бүгін-ертең таратылады деген сөз емес. Келер жылы сарапшылардың қатысуымен ауқымды талқылаулар өтуі мүмкін. 2027 жылы референдум ұйымдастырылып, соның нәтижесінде ғана парламенттік реформа іске асып, Конституцияға өзгерістер енгізіледі. Егер бұл шешім ортақ деп танылса, депутаттар құрамы тек партиялық тізім бойынша сайланады. Сайып келгенде, саяси аренадағы бәсекелестік те артуы мүмкін.
Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу – Қазақстанның Сенатын тарату және заң шығарушы органының қызметін нақтылау арқылы тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға жұмыс істейтін қадам.
– Реформаның негізгі мәні – Парламенттің қос палатасының қызметін біріктіріп, оны ықшамдап әрі күшейту арқылы депутаттардың саяси ықпалын арттырып, саяси партиялардың жауапкершілігін нығайту. Алдағы екі жылдан соң қазіргі саяси партиялар символдық емес, анағұрлым белсенді рөл атқаруы мүмкін. Сонымен қоса, жаңа партиялардың да шығуына мүмкіндік берілгені жөн, – дейді сарапшы.
Момынқұлов сондай-ақ бір палаталы Парламенттің өкілеттіктері кеңейтіліп, ықпалды саяси институтқа айналуы ықтимал екенін жеткізді. Бір палаталы Парламент идеясы заң шығару процесін жеңілдетуге, Парламенттің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Парламент реформасы заң шығару және қабылдау үдерісін жылдамдатып, уақыт және ресурс үнемділігі тұрғысынан бюрократиялық кедергілерді азайтып, саяси мәдениетті нығайтуы мүмкін.
– Дегенмен бұл жүйенің кемшіліктері де болуы ықтимал. Қос палаталы жүйеге тән тепе-теңдік пен сүзгі тетіктері әлсіреп, саяси баланс пен өңірлік мүддені қорғау тұрғысынан осалдық тудыруы мүмкін.
Әйтсе де әлемде бір палаталы Парламенті табысты жұмыс істеп отырған елдер жетерлік. Әсіресе унитарлы елдерге көбіне бір палаталы Парламент тән. Мысалы, Швеция, Финляндия, Дания, Грекия, Израиль сияқты елдерде бір палаталы жүйе заң шығару үдерісін ұтымды әрі тиімді қылып, бюджетті үнемдеуге ықпал етті. Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан сияқты түркі елдерінде де бір палаталы парламент. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы да бір палаталы құрылым, – дейді саясаттанушы.

Жанат Момынқұлов сөз соңында тағы бір ұсынысын қоса кетті. Халықаралық сарапшы ретінде ол Әзербайжан тәжірибесіне сүйеніп, болашақ қазақстандық парламентті «Ұлттық Мәжіліс» деп атауды құп көретінін жеткізді.
Қорыта айтқанда, аталған бастамалар көп ұзамай, алдағы 2-3 жылдың аясында іске асатыны анық. Біз ерекше атаған екі тақырып та көпшіліктің қолдауына ие секілді. Ал оның бүге-шүгесіне дейінгі жайттарды сарапшылар талқылап, жұртшылық назарына ұсынып отыратыны даусыз.