Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде үш жаңа міндетті курс енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада негізгі және жалпы орта білім беру педагогтерінің республикалық жазғы сессиясы басталды. 

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде үш жаңа міндетті курс енгізіледі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астанада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» атты республикалық жазғы сессия басталды.

Сессияға еліміздің барлық 20 өңірінен 300 жуық педагог қатысып жатыр. Олардың қатарында білім басқармаларының жауапты мамандары, әдістемелік орталықтардың өкілдері, мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және 5-11 сыныптарда сабақ беретін пән мұғалімдері бар.

Семинардың ашылуында Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылындағы негізгі және жалпы орта білім берудің негізгі міндеттері мен басым бағыттарына тоқталып, енгізілетін өзгерістерді барлық өңірде сапалы әрі бірізді іске асырудың маңызын атап өтті.

Жазғы сессия жаңа оқу жылы қарсаңында негізгі және жалпы орта білім беру жүйесіндегі негізгі өзгерістерді талқылауға, оларды тәжірибеге енгізудің ортақ тәсілдерін қалыптастыруға және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Пленарлық отырыс пен тақырыптық воркшоптар аясында Жаңа Конституция құндылықтарын, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң мен Тәртіп» қағидатын, жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламаларын, бағалаудың жаңа тәсілдерін және жасанды интеллект құралдарын негізгі және жалпы орта білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқылануда.

Жаңа оқу жылынан бастап 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңартылып, білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Айта кетелік білім грантына өтініш бергендер саны 127 мыңға жуықтағаны туралы жазған едік