Жаңа оқу жылында оқушылар қандай курстарды міндетті түрде оқиды
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курсымен толықтырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
- Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесінің барлық деңгейінде Жаңа Конституция қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізу бойынша кешенді жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды, - деді ол.
Министрдің дерегінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курсымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және Тәртіп», 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» оқу курстары міндетті болды.
-Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді. Үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылғанын да атап өтті.
- Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсан бойынша жиынтық бағалау алынып тасталды. Күнделікті бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады, - деді ол.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері жаңа оқу жылына дайындық барысын талқыға салып жатыр.