Жаңа реттеушілік саясат нені білдіреді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзірленіп жатқан жаңа реттеушілік саясат нені білдіреді? Бұл сауалға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Эрик Жамбылов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа реттеушілік саясат нені білдіреді

Елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясатты енгізу және ҚР Ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленгені белгілі. Заң жобасы аясында Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясаттың мақсаттары, міндеттері, базалық қағидаттары мен жаңа тәсілдері заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Сондай-ақ ішкі істер органдарының кейбір функцияларын қайта бөлу көзделеді.

Департамент директорының атап өтуінше, өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл - талаптарды белгілеу шарттарын сақтау; кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу; мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығы; сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру. Заң жобасында кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін, олардың заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған орта үшін қауіпсіздікті, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуден басқа, кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мақсаттарын кеңейту, сондай-ақ ел экономикасының өсуін ынталандыратын кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды айқындау ұсынылады», деп түсіндіреді Эрик Жамбылов.

Оның айтуынша, мұнан басқа адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауға; ұлттық экономикаға инвестициялар тартуды ынталандыратын реттеуші ортаны және инновациялық қызмет үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға; адал бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасауға; кәсіпкерлердің іскерлік беделіне негізделген бизнесті адал, этикалық жүргізуді ынталандыруға; өзін-өзі реттеуді дамытуға жәрдемдесуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған реттеудің жаңа міндеттері айқындалған.

«Заң жобасында реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын айқындайтын Кәсіпкерлік кодексте жаңа бап көзделеді. Реттегіш құралдарды, оның ішінде талаптарды қалыптастырудың негізгі шарты азаматтардың денсаулығын, экологияны, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қорғау болып саналады. Осылайша, мемлекет енгізген кез келген бизнес талабы азаматтардың денсаулығын, экологияны, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталуы керек», - деді ол.

Ал «1 in 2 out» қағидатын енгізу, ол біреуін енгізу кезінде қолданыстағы екі талапты алып тастауды көздейді.

Осыған орай Эрик Жамбылов Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін енгізу дегеніміз не екендігін түсіндіріп берді.

«Тізілім нормативтік-құқықтық актілердің және нормативтік-техникалық құжаттардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптардың дерекқоры саналады. Тізілімде нормативтік-құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралуға немесе жойылуға тиіс. Тізілім мыналарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді: кәсіпкерлер үшін – кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлері бөлінісінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қолданылатын талаптардың барлық жиынтығының саны, құрамы, қолданылу мерзімдері және өзара байланысы туралы толық көріністі; тұтынушылар үшін – кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын қолданыстағы талаптар туралы ақпараттың қарапайымдылығы мен қолжетімділігін», - деді департамент директоры.

Заң жобасы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруді де көздейді. Осы ретте ҰЭМ өкілі жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындалатын жоспардан тыс тексерулерді көздейтіндігін айтады. Ерекше тәртіп бойынша (8 салада) жүргізілетін тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде жойылады. Бұл ретте заң жобасында осы салаларда қадағалау функциясын – әкімшілік істерді қозғамай жедел ден қою ішараларын қолдану арқылы алдын алу бақылауды күшейту ұсынылады.

Сондай-ақ, заң жобасында: бақылаудың жаңа нысанын енгізу-кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз жауапкершілікке тарту мүмкіндігін болдырмай, заңнаманың шынайы бұзушыларын анықтауға мүмкіндік беретін тергеу; бақылаушы мемлекеттік органдардың алдымен профилактикалық бақылауды бармай-ақ жүргізу, содан кейін ғана профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бармай-ақ кәсіби бақылауды бару арқылы жүргізу міндетін бекіту қарастырылады.

«Әкімшілік жүктемені төмендету мақсатында есеп беру автоматтандырылмаған жағдайда оны талап етуге заң жүзінде тыйым салу көзделуде. Осылайша, мемлекеттік орган, егер ол есептілікті баламалы – электрондық нысанда беру мүмкіндігін құрмаса, есептілікті қағаз нысанында ұсынуды талап ете алмайды», - деп атап өтеді спикер.

Сонымен қатар заң жобасында ішкі істер органдарын халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестірумен, көші-қон процестерінің мониторингімен, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар берумен байланысты функцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру арқылы бейінді емес қызметтен босату көзделген. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді: қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында 2022 жылғы 1 шілдеден; қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап беру қарастырылады. Ал жергілікті атқарушы органдарға пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі функцияларды беру жолымен босату жоспарланған.

«Функцияларды беру бөлігінде қабылданатын шаралар көші-қон саясатын қалыптастыруды, тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі функциялардың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Эрик Жамбылов.