Жаңа Салық кодексі ERG, «Қазақмыс», Kazminerals сияқты компаниялардың бенефициарларын офшордан шығара ала ма?

2025 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексі ERG, «Қазақмыс», Kazminerals сияқты компаниялардың бенефициарларын офшордан шығара ала ма? Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырған БАҚ өкілдерімен кездесуде осындай сауал қойылды, деп хабарлайды Kazinform.

Келер жылы салық түсімдері толық жинала ма
Фото: Kazinform

«ERG, «Қазақмыс», Kazminerals сияқты түпкілікті бенефициары Еуропада тіркелген компаниялардың бенефициарларын офшордан шығару арқылы олардан көбірек салық алуға не кедергі? Жаңа Салық кодексі бұл мәселені қаншалықты шеше алады?» - деп сұрады журналист.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстан заңнамасы өндіріс алпауыттарынан негізгі табысты көретін түпкілікті иелерін офшордан шығара алмағанымен, олармен байланысы бар офшордағы кәсіпорындарға Қазақстаннан жіберетін табысына салық салуды көздейтінін айтты.

«Бұл бағытта Салық кодексі ғана емес, басқа да заңнамалық актілер қабылданып жатыр. Қазір Мәжілісте трансферттік баға қадағалау бағытындағы заңнама қарастырылып жатыр. Соның аясында 5 тұжырымдамалық өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соның ішінде Қазақстандағы өндіріс алпауыттарының өзімен байланысы бар офшордағы компанияларға жіберетін табыстарын «ортақ табыс» ретінде тіркеп, салық өндіріп алу көзделген. Біз трансферттік баға белгілеу тәсілдерін жетілдіреміз.

Қайтарылатын капитал туралы заңнама қабылданды. Соның аясында да жұмыстар іске асады. Салық кодексі бойынша айтсақ, халықаралық салық салу бөлімін басқаша қараймыз. Қазіргі таңда Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен байланыс орнаттық. Трансферттік баға белгілеу бойынша олар өз қорытындысын берді. Яғни сіз атаған мәселелер жаңа Салық кодексінде де, трансферттік баға белгілеу заңнамасында да көрініс табады», - деді ол.

Министрдің орынбасары аталған компаниялар Қазақстаннан өзге елдерге де инвестиция салып отырғандықтан, офшордан шығару процесі оңай болмайтынын, халықаралық заңнамада оған біраз кедергілер бар екенін айтып қалды.

«Олардың құрылымы 5-10 мемлекетке дейін тарамдалып жатыр. Негізінен көпдеңгейлі компаниялар болып келеді. Қаржы министрлігінің офшорға қатысты бұйрығы қабылданған. 50-ден астам офшордағы компанияның табысы тіркелген аймағына табысы шығарылатын болса, максималды мөлшерлемемен салық өндіреміз. Егер компанияның контрагенті офшор аймағына жатпайтын мемлекетте тіркелген болса, сол елмен арада қабылданған конвенцияларға қараймыз. Бастапқы компаниясы басқа мемлекетте тіркелген компанияға бізге тіркелу туралы талап қою қазіргі халықаралық заңнамаға қайшы. Бірақ біз өзіміздің принципіміз – Қазақстан аумағында қалыптасқан табыстан максималды көлемде салық өндіру және сыртқа капитал шығаруына бөгет қою», - деді Ержан Біржанов.