Жаңа статус: дәрігерге күш көрсеткендерді қалай жазалаған жөн
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне қатысты жайсыз оқиғалар, атап айтқанда ақ халаттылардың соққыға жығылуы жиілеп кетті. Таяуда Қазақстан Президенті медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарға жазаны қатаңдату жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Енді қандай өзгерістер болуы мүмкін, сарапшылар не айтады?

Жыл сайын 30-дан астам шабуыл жасалады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап бүгінге дейін, яғни 5,5 жыл аралығында Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлер мен басқа да денсаулық сақтау мекемесінің қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыс жасалған. Сонда жыл сайын 30-дан астам жайсыз оқиға тіркеледі деп топшылай аламыз.

Негізі еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, түрлі тәжірибе енгізіп жатыр. Мысалы, республикадағы 80-нен астам стационардың қабылдау бөлімшесінен полиция пунктерін ашқан. Дәрігерге біреу күш көрсетіп немесе балағаттай бастаса, сол жердегі құқық қорғаушылар дереу арашалап алады.
Әйтсе де бұның көмегі толыққанды болмай тұрған сыңайлы, оның үстіне елдегі барлық стационардан полиция пунктерін ашу оңай шаруа емес. Стационар аумағынан тыс жерге шығатын жедел жәрдем қызметкерлері тағы бар. Сондықтан түгел медицина қызметкерлерін арнаулы заңмен қорғап, қоғамда жаңа көзқарас қалыптастырған дұрыс-ақ.
Ең алдымен айтар дүние, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде тікелей медицина қызметкерлерін ұрып-соғу мәселесіне арналған баптар жоқ. Көбіне дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соғып, құқықбұзушылық жасағандардың қылмысын «Дене жарақатын келтіру», «Бұзақылық» секілді баптармен қарайды.
Мысалы, медицина қызметкерінің бетін көгертіп, денесіне сызат түсіріп жатса, жеңіл дене жарақатын келтірді деп саналады. Бұған ең ауыры 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қарапайым бұзақылық ретінде қаралса, 2 жылға дейін қамалады немесе бас бостандығы шектеледі. Демек, дәрігерлердің статусын айшықтайтын ештеңе жоқ. Бұны медицина саласының сарапшысы Әкім Тұрсын да айтып отыр.

– Кейінгі шыққан Денсаулық сақтау кодексінде де тікелей медицина қызметкерлеріне қатысты жасалған қылмыстар бөлек қаралмаған. Дәрігерлерге қатысты қылмыс бола қалса, Қылмыстық кодекс немесе Әкімшілік кодекстегі баптарға сілтеме береді, яғни медицина қызметкерлерінің статусына арналған заң жоқ.
Мәселен, бізде «Педагог мәртебесі туралы» заң бар. Онда мұғалімге қарата балағат сөз айтса немесе күш қолданса қандай жаза берілетіні нақты жазылған. Енді Президент тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жаңа заң жобасын Парламентке ұсынуы керек. Дегенмен, ол медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы арнайы заң бола ма, әлде Денсаулық сақтау кодексіне тармақ ретінде қосыла ма, оны кейін білеміз, – дейді маман.
Ұстаным халыққа түсінікті болуы керек
Президент пәрменінен кейін жаңа заңның қандай болатыны жөнінде көпшілік көкейінде сауал туындағаны рас. Көп ұзамай бұған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берген еді. Ведомство басшысының айтуынша, енді Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне күш көрсету, қол жұмсауға қатысты жеке бап енгізіледі.

– Бұл Қылмыстық кодекстегі жаңа 158-баптың 1-тармағы болады, ол бостандықты шектеу немесе айыру жазасын қарастырады. Егер медицина қызметкеріне күш қолдану қаупі төнсе және факті тіркелген жағдайда 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделіп отыр.
Ал егер бір медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, төтенше жағдай кезінде жасалған болса 10 жылға дейін, ал егер бұл әрекет бірнеше медицина қызметкеріне, яғни бір топ маманға қарсы бір немесе бірнеше адам тарапынан жасалса 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – деген министр.
Осыдан кейін бәрі түсінікті болды, ақ халаттылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа бап енгізілмек. Десе де заң жобасы алдағы уақытта азаматтық қоғам өкілдерімен тағы да пысықталады.
Заңгер Талант Рамазанов қарастырылып отырған әрекеттердің қоғам ішінде зор наразылық туғызып жатқанын ескеріп, Әкімшілік кодекс пен Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерін қорғайтын арнаулы нормаларды енгізген жөн екенін айтып отыр.

– Халыққа түсінікті ету үшін қолданылатын ұстаным өте оңай болуы керек. Медицина қызметкеріне тіл тигізді ме – 15 тәулікке қамалады. Оның ешқандай баламасы болмауға тиіс. Тек 15 тәулікке қамалу, айыппұлмен босатуды қарастырмаған жөн. Ал медицина қызметкеріне қол көтерді ме, жазасы – бас бостандығынан айыру болғаны абзал. Адамдар сонда ғана бұл мәселе туралы ойлана бастайды. Айыппұл секілді баламалы жаза болса, онда ол қайтадан көзбояушылыққа айналып кетеді, – дейді сарапшы.
Мақала соңында дамыған елдердің тәжірибесін қысқаша баяндай кетейік. Көбіне медицина қызметкерлеріне қатысты жасалған қылмыстар шетелдерде аса ауыр құқықбұзушылық санатына жатқызылады. Мәселен, АҚШ-та медицина қызметкеріне қол көтеріп, денсаулығына зиян тигізген адам 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мемлекеттік ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге қатысты құқықбұзушылық әрекет үшін федералды деңгейдегі жаза қарастырылған.
Ұлыбританияда дәрігерлерге дауыс көтеріп, балағаттағандардың өзін қылмыстық жауапкершілікке тартады. 2021 жылдан бастап бұл ел медицина қызметкерлеріне шабуылдағандарды 5 жылға түрмеге жабатын болды.
Ал Германияда дәрігерлердің мәртебесі мемлекеттік қызметшілермен теңестірілген.
Биылдан бастап Ресей Мемлекеттік Думасында да медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстың жазасын ауырлату мәселесі талқыланып жатыр.
Түйіндер болсақ, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесіне келгенде Қазақстан да дамыған елдердегідей ұстанымға көшіп отырғаны жөнді қадам саналады. Бұл - тек жекелеген мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, елдің тұтас Денсаулық сақтау жүйесін қолдау ісі.