Жаңа туристік аймақ: Қара шатқалдағы аспалы әйнек көпірдің жобасы қай сатыда
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Кеген ауданында жаңа туристік аймақ пайда болады.
Былтыр қараша айында облыстағы Қара шатқалға әйнек көпір салынатыны белгілі болды. Kazinform тілшісі 9 айдан кейін инвестициялық жобаның қаншалықты алға жылжығанын анықтады.
Кеген ауданы әкімдігінің мәліметінше, "ASK Capital" ЖШС қара каньонның аумағында аспалы шыны көпір салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта автокөлік тұрағына арналған алаңды тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Жобаның жалпы құны - 1,5 миллиард теңге. Инвестордың өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. 2024 жылы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Қара шатқал» туристік аймағын дамыту үшін электр желісін тартуға аудан қаражаты есебінен 57 млн теңге бөлініп, желілер іске қосылды, - делінген аудан әкімдігінің жауабында.
Аспалы әйнек көпірдің құрылысы бойынша жоба менеджері Манап Тағаев та айтып берді. Оның сөзінше, бірегей көпірдің ұзындығы 210 метр, ені 2 метр (қоршауларымен қоса 3 метр) болады. Жоба ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, сондай-ақ өңірдің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған.
- Көпірдің негізі берік триплекс әйнектен жасалса, ал бүкіл конструкциясы толықтай жиналмалы болады. Яғни, барлық элементтер дайын күйінде құрылыс орнына жеткізіліп, дәнекерлеу жұмыстарынсыз құрастырылады. Жоба 100% жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр, ал құрылысқа арналған жер телімі біздің компания тарапынан жеке тұлғадан сатып алынды, - деді ол.
Көпірде бір мезетте 3 мың адам жүре алатын болады. Манап Тағаев нысан осы сыйымдылық пен жүктемені ескере отырып есептелгенін атап өтті. Айтуынша, адамдардың ыңғайлылығы үшін каньонды тамашалауға арналған екі бақылау алаңы жасалады.
- Қарсы бетте көпірден өткен соң туристік аймақ құрылады. Онда қазақтың ұлттық асханасы бар мейрамхана, багги, квадроцикл және мотоцикл (эндуро) трассалары, атпен серуендеу және «Көкпар» ойынын өткізуге арналған ипподром, балаларға арналған тақырыптық парк және қонақүй үйлер болады. Туристерді дәстүрлі тұрмыспен таныстыруға арналған киіз үйлерден этно-қалашық құрылады, - деді жоба менеджері.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында Көшпенділер қалашығына жол салынып жатқанын жазғанбыз.