Жаңа заң: психолог пен психиатрдың қызметі қалай ажыратылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде психологтардың қызметіне жаңа талаптар енгізіледі. Сенат мақұлдаған жаңа заң азаматтарды біліксіз психологиялық көмектен қорғап, мамандардың қызмет аясын нақтылайды. Осыған байланысты психиатр Маргарита Веремская психолог пен психиатрдың айырмашылығын және қай кезде қай маманға жүгіну қажет екенін түсіндірді.

Маргарита Веремскаяның
Фото: Маргарита Веремскаяның жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, психолог пен психиатрдың негізгі айырмашылығы олардың білімі мен жұмыс тәсілінде.

– Психиатр – жоғары медициналық білімі бар дәрігер. Ол адамның жағдайын мидағы биологиялық және химиялық үдерістер тұрғысынан бағалайды. Психиатр клиникалық депрессия, шизофрения, биполярлық аффективті бұзылыс секілді диагноздарды қоя алады және дәрі-дәрмекпен ем тағайындауға құқылы, – деді Маргарита Веремская.

Ал психолог дәрігер емес. Ол психология саласында білім алған маман және өмірдегі түрлі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

– Психолог психикалық тұрғыдан дені сау адамдармен жұмыс істейді. Ол қарым-қатынастағы қиындықтар, эмоционалдық күйзеліс, шаршау немесе стресс кезінде кеңес береді. Оның негізгі құралдары – әңгімелесу, мінез-құлықты талдау және психологиялық кеңес. Психолог диагноз қоймайды және дәрі жазып бере алмайды. Бірақ қандай да бір психикалық бұзылысты байқаған жағдайда адамға дәрігерге қаралуға кеңес бере алады, – деп түсіндірді дәрігер.

Маманның айтуынша, ажырасу, жақын адамынан айырылу, жұмыстан шығу, қарым-қатынастағы қиындықтар, өзіне деген сенімсіздік немесе өмірлік мақсатын анықтай алмау секілді жағдайларда психологтың көмегіне жүгінген дұрыс.

Ал адамның психикалық жай-күйі күнделікті өміріне әсер ете бастағанда психиатрдың көмегі қажет болады.

Дәрігер мұндай белгілерге ұйқы мен тәбеттің бұзылуын, ұзаққа созылған енжарлықты, мазасыздықты, еріксіз мазалайтын ойларды, көңіл күйдің күрт өзгеруін, сондай-ақ суицидтік ойлардың пайда болуын, өзіне зиян келтіру әрекеттерін, галлюцинация мен сандырақ белгілерін жатқызды.

Жаңа заң нені өзгертеді?

Маргарита Веремскаяның айтуынша, психиатрлардың қызметі бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарымен және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен реттеліп келген. Ал психологиялық көмек көрсету саласында мұндай нақты талаптар болмаған.

– Осы уақытқа дейін екі апталық онлайн курс оқып алып немесе өзін «нағыз маманымын» деп таныстырған кез келген адам кабинет ашып, жарнама беріп, адамдарды қабылдай алатын. Мемлекет мұндай қызметтің сапасын бақылай алмады, ал азаматтар ғылыми негізі жоқ әдістерден және құпия ақпараттың жария болып кетуінен қорғалмады, – деді психиатр.

Оның айтуынша, жаңа заң психологиялық көмекті құқықтық тұрғыдан нақты реттейді.

– Ең алдымен, бұл біліктілігі жоқ мамандардан қорғайды. Бірыңғай мемлекеттік тізілім енгізіледі. Енді психолог ретінде тек осы сала бойынша жоғары білімі бар адамдар ғана жұмыс істей алады. Сонымен қатар мамандардың өкілеттігі мен жауапкершілігі айқындалады. Егер медициналық білімі жоқ психолог клиенттен психикалық бұзылыстың белгілерін байқаса, оны міндетті түрде психиатрға жіберуі керек, – деп түсіндірді Маргарита Веремская.

Сондай-ақ заңда психологтардың кәсіби және этикалық талаптары да бекітіледі.

– Енді «бір сеанста толық айықтырамын» деген сияқты негізсіз уәделер беруге және әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама жасауға тыйым салынады. Сонымен қатар құпиялылықты сақтау, сессиялардың аудио немесе бейнежазбасын жүргізу тәртібі, клиенттің жазбаша келісімінсіз оның оқиғасын жарияламау сияқты талаптар заңмен бекітіледі. Оларды бұзғандар жауапкершілікке тартылады, – деді психиатр.

Маманның пікірінше, жаңа заң азаматтардың құқығын қорғауға, психологиялық көмектің сапасын арттыруға және күмәнді ұйымдардың сертификатымен жұмыс істейтін адамдарды бұл саладан шеттетуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін, Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдаған болатын.