Жаңа заң жобасы меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатын көздейді

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауына ұсынылды. Бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын айқындап бекіту және қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне жүктеледі.
None
None

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.

Заң жобасы меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатын көздейді.

Заң жобасында тиісті актіні шығарған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәсіне қарамастан, заңсыз актілерді шығару нәтижесінде меншік иесіне келтірілген залалды өтеу туралы еліміздің Азаматтық кодексінің 267-бабының редакциясын нақтылау ұсынылған.

Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы нормаларды екі жақты түсіндіруді жою көзделуде.

Жылжымайтын мүліктің нақты объектісі жөніндегі ақпарат құқық иеленушінің сұрау салулары бойынша, сондай-ақ өзге тұлғалардың сұрау салулары бойынша, бірақ құқық иеленушінің келісімімен берілетін норманы бекіту ұсынылып отыр. Бұдан басқа, құқық иеленушінің келісімінсіз осындай ақпаратқа қолжетімділікті алуға құқылы адамдардың толық тобын белгілеу қажет.

Нотариат куәландырған мәміле жасасқан жағдайда жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік электрондық тіркеу міндеттілігін белгілеу ұсынылған.

Заң жобасында Азаматтық кодекске, оның Жалпы және Ерекше бөлімдеріне, еліміздің «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде.

Соңғы жаңалықтар