Жаңа заң жобасына сәйкес көлік тізгінін ұстаған мүгедек жандарға тоқтауға және тұрақтануға тыйым салатын жол белгілері қолданылмайды

Қоғамда мүгедектердің проблемаларын белгілеу және оны шешуде халықаралық нормаларға сәйкес түбегейлі өзгерістер жасалуда.
Осыған байланысты, ІІМ-нің Жол полициясы комитеті «Жол жүрісі туралы» заң жобасында осы санаттағы азаматтарға қатысты бірқатар басымдықтар қарастырды.
«Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға қозғалысты қамтамасыз ету мәселесі көзделген тиісті тарау бар, -дейді Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов.
Мәселен, көліктің тізгінінде мүгедек жан немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға қызмет көрсететін өзге жүргізуші болған жағдайда, оларға тоқтауға және тұрақтануға тыйым салатын жол белгілері қолданылмайды.
Жол полициясы комитеті сондай-ақ басқа да проблемаларға назар бөлді. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңына сәйкес тұрғын үй құрылысы аумағында жеңіл көліктерді уақытша қою тұрақтарын жоспарлау және құрылыс кезінде немесе қызмет көрсету ғимараттарының жанында мүгедектердің көліктері үшін тұрақ орнын қамтамасыз ету қажет. Осы арнайы белгілерімен белгіленген тұрақ орындарына басқа көлік құралдарын қоюға болмайды. Дегенмен, көптеген жүргізушілер осы ережені сақтамайды. Осыған байланысты ілеспе заң жобасымен ІІМ ЖПК-ның бастамасы бойынша қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізілуде. Өзгерістерге сәйкес, осы санаттағы азаматтардың көлігіне арналған орынға машинаны тұраққа қою елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ІІМ Жол полициясы комитеті жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, мүгедектер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Көпшілік орындарда немесе мүгедектерге қызмет көрсетуге бағытталған мекемелердің жанында арнайы синхронды дыбыс және жарық сигналдарымен бағдаршамдар, жол белгілері, дыбыс және жарық құрылғыларымен жабдықталған жаяу жүргіншілер өтпелері орнатылуда.
Бұдан басқа, осы жылы Интернет жүйесіндегі ІІМ ЖПК-ның сайтында нашар көретін адамдар үшін сайттың арнайы нұсқасы іске қосылады. Жолдарда олар үшін тең жағдай жасауға бағытталған басқа да шаралар қабылдануда.