Жаңа Зеландия Бейбітшілік кеңесіне қосылудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Зеландия үкіметі АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа Бейбітшілік кеңесіне қосылу туралы ұсынысын қабылдамады. Премьер-министр Кристофер Лаксонның бұл мәлімдемесін Stuff жаңалықтар порталы жариялады, деп хабарлайды ТАСС.

Жаңа Зеландия Бейбітшілік кеңесіне қосылудан бас тартты
Фото: РИА Новости

— Жаңа Зеландия үкіметі президент Трамптың шақыруын қарастырып, Бейбітшілік Кеңесінің құрамына кірмеуге шешім қабылдады, — деді Лаксон.

Жаңа Зеландияның Сыртқы істер министрі Уинстон Петерс елдің ұйымды қолдайтынын, бірақ Бейбітшілік кеңесіне қосылмайтынын баса айтты.

— Бірқатар мемлекет кеңес жұмысына қатысуға ниеттерін білдірді, ал Жаңа Зеландия айтарлықтай үлес қоспайды. Сонымен қатар, бізге осы жаңа құрылымның қазір де, болашақта да өкілеттіктері туралы нақтылық қажет, — деді ол.

Қаңтардың 22-сі күні Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында 19 елдің өкілдері Газа секторын бейбіт реттеу аясында құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойды. Трамп ұйымға басқа елдердің де қосылғанын хабарлады. Бейбітшілік кеңесі Газа секторын басқару үшін құрылған, бірақ ол басқа аймақтардағы қақтығыстардың алдын алу және шешуге де қатысады деп жоспарланған.

Бұған дейін Бейбітшілік кеңесі Трампқа Газа секторына қатысты басым өкілеттік беретіні туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум