Жаңа Жібек жолын салуда Түркия мен Қазақстанға маңызды рөл мен тарихи жауапкершіліктер жүктеледі -Абдолла Гүл
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңа Жібек жолын салуда Түркия мен Қазақстанға маңызды рөл мен тарихи жауапкершіліктер жүктеледі. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының алдында сөз сөйлеген Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүл осылай мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркия басшысының айтуынша, түркі әлемінің мекені болған еуразия өңірі өткен заманда стратегиялық тұрғыдан қаншалықты маңызды болса, сол маңызын әлі де сақтап келеді. Бүгінгі күні бұл өңірдің маңыздылығы Еуразия құрлығындағы табиғи ресурстармен одан сайын арта түскен.
«Әлемнің ең ауқымды өндірушілері мен өткізу нарығы орналасқан аймақта орналасқан елдеріміздің жері мен қуаты бізге үлкен ынтымақтастық мүмкіншілігін беруде. Азия мен Еуропаны, батыс пен шығысты бір-біріне жақындататын, өңірдегі елдердің экономикалық дамуы мен өркендеуіне үлес қосатын жаңа көлік, байланыс және энергетика дәліздерін жетілдіруде, яғни жаңа Жібек жолын салуда Түркия мен Қазақстанға маңызды рөл мен тарихи жауапкершіліктер жүктеледі. Қытай, Қиыр Шығыс пен Еуропа нарықтарын жылдам және қауіпсіз түрде бір-біріне байланыстыратын Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі Қазақстанның да қолдауымен жүзеге асырылған кезеңде, біз тарихи Жібек жолын қайтадан жаңғыртылуы арқылы қойылған мақсатымыз шеңберінде маңызды қадам жасайтын боламыз», деді А. Гүл.