Жаңа жылыңызбен - LED экрандағы құттықтау Қандыағаш тұрғындарының шамына тиді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қандыағаш қаласындағы бұл LED экранды қондыруға бюджеттен 7,8 млн теңге жұмсалған.

«Жаңа жылыңызбен!»: Ақтөбеде әкімдікке тиесілі LED экрандағы құттықтау тұрғындардың шамына тиді
Фото: Видеодан алынған скрин

Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласындағы LED экранда «Жаңа жылыңызбен!» деген жазу шығып, оны тұрғын видеоға түсіріп алды. Кейін әлеуметтік желіге тарап кетті. 

Мұғалжар ауданы әкімдігінің хабарлауынша, LED экран биыл көктемде істен шыққан. Шілдеде әкімдік қызметкерлері оны жөндемек болып, қосып қараған. Сол кезде қыста жүктелген бейнематериал қайта айналып, тұрғындардың бірі оны түсіріп үлгерген.

— 2023 жылы бюджеттен 7 850 000 теңге бөлінді. Келісімшарт бойынша екі жыл кепілдік мерзімі бар. Кепілдік құжаты 25 қазанға дейін жарамды. Қондырған мердігер келіп, өзі жөндейді. Қазіргі кезде LED экранды сөндіріп қойды, — деп хабарлады Мұғалжар ауданы әкімдігі.

Еске салсақ, Ақтөбеде құны 234 млн теңгенің саябағы жарамсыз күйге түсті. Қандыағаш қаласындағы саябақта шамдар іске қосылмаған, мәңгілік алау оты жағылмады, ал салынған аркалардың тіректері қирай бастады. Әкімдік мердігерді жөндеу жұмысын жүргізуге міндеттеді

Соңғы жаңалықтар