19:43, 07 Қаңтар 2019 | GMT +5
Жаңа жылда жалғыз баспанасынан айырылған ақтөбелікке бір жолғы көмек беріледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жаңа жыл түні үй өртеніп, отбасы далада қалды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бұл жанұяға бір жолғы көмек береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бізге үйі өртенген отбасы келді. Оларда өрт болғаны туралы анықтама жоқ. Алдымен анықтаманы қай мекемеден алатыны жөнінде ақпарат берілді. Біз бір жолғы көмек ретінде 100 мың теңге бере аламыз. Көмек комиссия шешімі шыққан соң беріледі", - деді қалалық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы саяжайлардың бірінде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні үй өртенді. Жалғыз баспанасынан айырылған 7 жан қазір тума-туыстарының үйін жағалап жүр.